Рига, 2026 жылғы 17 наурыз – Қазақстанның Латвиядағы Елшілігі Әзербайжан, Түркия және Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп, Ригада «Наурыз» мерекесін салтанатты түрде атап өтті.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Елшісі Дәурен Кәріпов Наурыз мейрамының терең мәніне тоқталып, оның ата-баба дәстүріне деген құрмет пен ұлттық бірліктің мызғымастығын білдіретінін, сондай-ақ ол еліміздің өткені мен бүгінін және болашағын тоғыстыратын мереке екенін атап өтті. Сонымен қатар ол «Наурызнама» кезеңінде Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдум өткізудің символдық маңызына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан халқы заман талабына сай келетін елдің саяси моделін жаңарту жолын таңдады.
Салтанатты жиынның концерттік бағдарламасында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Қорқыт» этно-ансамблі өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, заманауи қазақстандық композиторлар мен халық шығармашылығының танымал туындыларын орындады.
Наурыздың басты дәстүрі де сақталып, қонақтарға ұлттық дастархан жайылып, мол тағам ұсынылды.
Мерекелік іс-шараға латвиялық саяси қайраткерлер, дипломатиялық корпус мүшелері, іскер топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық және мәдени ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Латвияда тұратын отандастар қатысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riga/press/news/details/1184228?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау