Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамы жаңаша форматта өткізу мақсатында Наурызнама онкүндігі бекітілгені белгілі. Бұл тұжырымдама ұлттық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда. Осы тұжырымдама негізінде Түркістан облысында Ұлттық киім күні аталып өтті.
Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімі аппаратының қызметкерлері, түрлі басқармалар, аудан және қала әкімдіктері, сондай-ақ өңірлік департамент өкілдері бұл бастамаға біркісідей үн қосып, жұмыс орындарына ұлттық киім киіп келді. Бұл шара тек сыртқы көрініс емес, сонымен қатар ұлттың бірегейлігін, тарихи тамырын және мәдени сабақтастығын айшықтайтын маңызды символға айналды.
Өңірдегі іс-шаралар барысында ұлттық киімдердің түрлері мен ерекшеліктері таныстырылып, олардың әрқайсысының тарихи мәні мен сәндік элементтері туралы мәліметтер берілді. Сонымен қатар жастар арасында ұлттық киімге деген қызығушылықты арттыру, оны күнделікті өмірде қолдану мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі танымдық және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.
Жалпы алғанда, Ұлттық киім күні – ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, халықтың мәдени мұрасын жаңғыртуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау