Астанада Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін насихаттауда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген білім беру ұйымдарын ынталандыру, сондай-ақ жас ұрпақ арасында экологиялық жауапкершілікті нығайту болды.
«Жасыл даму» АҚ-ның қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Нұржан Дүйсебайдың айтуынша, қалдықтар EcoQolday бағдарламасы арқылы қайта өңдеу үшін зауыттарға жіберілетін болады.
«Бүгінде EcoQolday мобильді жұмыс қосымшасы істеп тұр. Ол арқылы қалдықтарды қайта өңдеу үшін зауыттарға өткізуге болады», – деді ол.
Іс-шара барысында EcoQolday цифрлық жүйесін пайдалана отырып қайта өңдеуге жіберілген қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруда және оқушылар арасында экологиялық білім беруді дамытуда жоғары нәтиже көрсеткен елорда мектептері марапатталды.
Астана қаласы мектептері арасындағы байқауда І орынға Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясы (1825 кг қалдық жиналды), ІІ орынға М.Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясы (1236 кг), ІІІ орынға Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі (570 кг) ие болды.
«Қағаздарын да бөлек жинады. Осы уақыт аралығында оқушыларда экологиялық мәдениет қалыптасты. Сұрыптай отырып, қалдықтарды толығымен өткізді. Біз сондай-ақ еңбек сабағында да пластикалық қағаздардан заттар жасадық. Оларды ешқайда тастамай, еліміздің таза болуына үлесімізді қостық», – деді Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Искаков.
Жалпы жобаға Астана қаласының 107 мектебі қатысты. Жоба аясында оқушыларға арналған экологиялық білім беру іс-шаралары өткізілді, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинауға арналған 2730 экоурна орнатылды. Бұл оқушылардың экологиялық белсенділігін айтарлықтай арттырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1184401?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау