Біз Қапал ауылдық округінің дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтарды таныстыруды жалғастырамыз. Бүгінгі шығарылымымызда ауылымыздың спорт саласын дамытуға белсенді атсалысып жүрген жас буын өкілдерінің бірі туралы айтқымыз келеді.
Бүгінгі кейіпкеріміз – тхэквондо спортын дамытуға бар күш-жігерін арнап жүрген жас әрі талантты жаттықтырушы, ауыл жастарының белсенді өкілі Әбдіғали Әбдіғалам.
Әбдіғали Әбдіғалам 1991 жылдың 4 қазанында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ оның бойынан көшбасшылық қасиеттер мен спортқа деген ерекше қызығушылық байқалды. Ол 2016 жылға дейін Ә.Қуатбеков атындағы университетте «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алды. Университет қабырғасында жүргенде тхэквондо спортына деген қызығушылығы артып, осы бағытта тереңірек айналыса бастайды. Тәжірибелі жаттықтырушылармен пікір алмасып, спорттың қыр-сырын меңгере отырып, болашақта осы саланы дамытуға деген мақсатын қалыптастырды.
2016 жылы университетті аяқтағаннан кейін оның алдында Астана мен Алматы қалаларында спорт саласында жұмыс істеу мүмкіндіктері ашылды. 2017 жылдан бастап ол жас спортшыларды жаттықтыра бастады. Әрине, алғашқы кезеңде бәрі бірден оңай болған жоқ. Ауыл балалары үшін бұл жаңа спорт түрі еді, ата-аналардың да алаңдаушылығы болды. Дегенмен табандылық пен еңбектің арқасында алғашқы жетістіктер көріне бастады.
2019 жылы жаттықтырушылық тәжірибе жинақтап, туған ауылына пайдасын тигізуді мақсат еткен Әбдіғали Әбдіғалам үлкен әрі саналы шешім қабылдап, туған жері – Қапал ауылына оралады. Сол уақыттан бастап ол Қапал ауылдық округінің жасөспірімдерін жаттықтыруды қолға алды.
Қазіргі таңда оның қол астында 40 жас спортшы жаттығады. Олардың ішінде 8 спортшы жаттықтырушысымен бірге халықаралық жарыстарға қатысып, Дубай, Катар, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қытай елдерінде өткен тхэквондо турнирлерінде бақ сынады. Оның шәкірттері арасында Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар.
9 спортшы спорт шеберіне үміткерлер! Әбдіғали Әбдіғалам – тек жаттықтырушы ғана емес, ол ауыл жастарына үлгі болып жүрген тұлға. Оның еңбегі мен табандылығы Қапал жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың болашағына сенім ұялатады.
Біз осындай жігерлі жастарымызбен мақтанамыз. Алдағы уақытта да Қапал ауылынан талай чемпиондар шығып, көк туымызды халықаралық ареналарда желбірететініне сеніміміз мол.
Жастарымыздың жігері мықты, арманы асқақ болсын!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu-qapal/press/news/details/1184300?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау