Тазалық акциялары және жаңа туған сәбилерге арнап ағаш отырғызу: Астанада Жаңару күні қалай атап өтіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Наурызнаманың» мерекелік онкүндігінің алтыншы күні – 19 наурыз Жаңару күні ретінде аталады. Бұл күні елордада экологиялық акциялар, ағаш отырғызу және жаңа өмір мен жаңаруды бейнелейтін көптеген іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

№2 мемлекеттік көпсалалы ауруханада жаңа туған нәрестенің дүниеге келуіне орай ағаш отырғызылатын орынды көрсететін QR кодтары бар сертификаттарды тапсыру, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге цифрлық бесіктерді салтанатты түрде табыстау шарасы өтеді.

Мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бастаманың мағынасы зор: баланың өмірге келуі жаңа өмірдің бастауы ретінде қарастырылады, ол елдің дамуы мен өркендеуімен тығыз байланысты. Ал оларға арнап ағаш отырғызу ұрпақ сабақтастығын, қоршаған ортаға қамқорлықты және әр отбасының тұрақты болашаққа қосқан үлесін білдіреді. Осылайша, баланың өмірінің алғашқы күндерінен бастап туған жермен байланыс, табиғатқа жауапкершілік және қоғамдағы өз рөлін түсіну қалыптасады.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында елордалық тұрғын үй кешендерінің ауласын қардан тазарту жұмысы жүргізіледі.
Жаңару күні шынайы жаңарудың өмір сүретін ортаны күтіп-баптаудан басталатынын еске салады. Қызметтердің үйлесімді жұмысы мен әр тұрғынның бастамасының арқасында астаналықтар көктемді таза, көрікті және жаңартылған қалада қарсы алады. Бұл – ортақ жауапкершілік және Наурыз мерекесі қарсаңында туған жерге деген сүйіспеншілікті білдірудің ең жақсы жолы.

Есіл ауданында Жаңару күні аясында мектеп оқушыларына арналған виртуалды технологиялар арқылы ерекше кәсіби бағдарлау іс-шарасы өтеді. Қатысушылар интерактивті цифрлық ортаға еніп, түрлі мамандықтарды сынап көріп, VR форматында практикалық тәжірибе алады.

Білім беру процесінде инновациялық технологияларды қолдану саналы, цифрлық сауатты және заманауи әлемнің талаптарына дайын жаңа ұрпақ қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді. Мұндай форматтар арқылы оқушылар өз әлемін кеңейтеді және жеке тәжірибе мен қызығушылықтарға сүйене отырып, болашақ мамандықты таңдауда алғашқы қадамдарын жасайды.

«Наурызнаманың» онкүндігі және Жаңару күні аясында қалалық Қуыршақтар театры балаларға арналған тәрбиелік қойылымның премьерасын ұсынады. Қойылым «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» халық ертегісінің бойынша сахналанған.

Қоюшы режиссер – Айжан Салаева. Қойылымның негізінде адамдарды қауіптен құтқаратын кішкентай қарлығаштың ерлігі жатыр. Сахналық шығарманың көркемдік формасы арқылы батылдық, ізгілік және мейірімділік сияқты құндылықтар насихатталады.

Жоба ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге және өскелең ұрпақтың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.
Қойылым басталмас бұрын кішкентай көрермендерге Наурызға арналған арнайы мерекелік бағдарлама ұсынылады. Бағдарлама заманауи технологияларды қолданып, интерактивті форматтағы ойын-сауық және танымдық элементтерді қамтиды.

Айта кетейік, Наурыз мерекесі аясында елордада ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған 200-ден астам әртүрлі іс-шара мен акция өткізіледі. Кең көлемді мәдени және қоғамдық шаралар, мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт ойындары бойынша турнирлер, азық-түлік жәрмеңкелері, шеберлік сыныптары, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлер мен рәсімдердің көрсетілімдері ұйымдастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1184301?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version