«Digital Nauryz» аясында Жетісу облысында AI Nauryz атты ашық қалалық алаң ұйымдастырылды. Бұл алаңда облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтары жасанды интеллект мүмкіндіктерімен танысып, заманауи цифрлық құралдарды интерактивті форматта пайдаланып көрді. Іс-шараның басты ерекшелігі – әр келушіге ұлттық стильде жеке портретін жасау мүмкіндігі жасалды: ер азаматтар өздерін айбынды қазақ батырларының бейнесінде елестетсе, әйелдер жасанды интеллект арқылы жасалған көркем ұлттық киімдерді «киіп» көрді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ерекше цифрлық іс-шара облыстық цифрлық технологиялар басқармасының ұйымдастыруымен «Jetisu Digital» ІТ-хабымен бірлесіп, жаяу жүргіншілерге арналған Арбат аймағы аумағында өтті. Мұнда кез келген қалаған адам жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін өз көзімен көріп, нейрожелілердің әр адамға қолжетімді, шығармашылық пен дамуға жол ашатын пайдалы құрал екеніне көз жеткізе алды.
Алғашқы аймаққа шығармашыл жастар мен қызығушылық танытқан қала тұрғындары жиналды. Бұл жерде ІТ-хаб мамандары кескін (сурет) генерациялау құпияларымен бөлісті. Қатысушылар арнайы мәтіндік сұраныстар — промпттарды құрастыруды үйреніп, сол арқылы нейрожелі бірегей бейнелер жасайтынын тәжірибе жүзінде көрді. Сның ішінде ұлттық стильде жеке портрет жасау көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
Екінші алаң тікелей қарым-қатынас пен әлеуметтік интерактивке арналды. Жүргізуші қала тұрғындарын түрлі сауалнамаға тартып, технологиялардың адамдардың жеке өміріне қаншалықты терең енгенін анықтауға тырысты. Ең үздік әрі қызықты жауаптар экранға шығарылып, қатысушылармен бірге талқыланды.
Іс-шараның ашық кеңістік форматында өтуі қала тұрғындарына әртүрлі цифрлық алаңдармен еркін танысуға мүмкіндік берді.
– Бүгінгі күні жасанды интеллект күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі таңда болашақ технологиялары өмірімізге толық енді деуге болады. Іс-шарамыздың аясында әрбір ниет білдіруші цифрлық инновациялармен жақынырақ танысып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін іс жүзінде сынап көрді. Біз заманауи технологиялардың күнделікті өмір мен мәдени дәстүрлермен үйлесімді ұштасатынын көрсетуді мақсат еттік, – деді Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1183988?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау