Жақып Хайрушевтің төрағалығымен және Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың қатысуымен Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында энергетика саласын жаңғыртудың түйінді мәселелері қаралды.
Қатысушылардың басты назары жоғары тиімді қуаттарды іске қосу және қолданыстағы энергия көздерін ауқымды реновациялау арқылы энергия тапшылығы мәселесін ұзақ мерзімді шешуге бағытталған Көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны талқылауға аударылды. Жоба «таза көмір» стандарттары бойынша озық тазарту жүйелерін енгізуді, энергетиканың даму қарқынын көмір өндіру және көлік инфрақұрылымымен үйлестіруді, сондай-ақ салаға «ұзақ мерзімді инвестициялар» тартуды көздейтін жүйелі тәсілді қамтиды. Көмір электр станциялары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және қорғау мәселесі жеке басымдық ретінде бөлініп көрсетілді, бұл 2030 жылға дейін сектордың кадрлық тұрақтылығының негізі болмақ.
Күн тәртібіндегі екінші маңызды блок — нысандардың электр қауіпсіздігін қамтамасыз ету және 6–10 кВ желілерін оңтайландыру мәселесі болды. Мұнда энергия беруші ұйымдар мен мүлік иелерінің бірлестіктері арасындағы жауапкершілік аймақтарын нақты ажыратуға басымдық берілді.
Қоғамдық кеңес мүшелері жерге тұйықтау құрылғыларының диагностикасын, қорғаныс жүйелерін сынауды қамтитын техникалық іс-шаралар кешенінің іске асырылу барысын талқылады. Жүйелі техникалық қызмет көрсетуді енгізу, жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын жүргізу және өндірістік бақылау регламенттерін қатаң сақтау апаттық жағдайлардың қаупін азайтуға мүмкіндік беретіні және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздік стандарттарына сәйкес инфрақұрылымды пайдалану сенімділігін қамтамасыз ететіні атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1185034?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау