Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар маңызды инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Алдымен шаһар басшысы Балуан Шолақ және Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы жол кеңейту жұмыстарын көрді. Аталған аумақ – көлік ағыны жиі шоғырланатын маңызды жол тораптарының бірі.
Қазіргі таңда Абай даңғылы бойында көпір құрылысы жүргізілуіне байланысты даңғыл уақытша жабылатын болады. Осыған байланысты негізгі көлік қозғалысы Балуан Шолақ және Желтоқсан көшелері арқылы бағытталып, тұрғындар үшін балама әрі қауіпсіз қатынас қамтамасыз етілмек. Бұл ретте аталған көшелердің жол жабыны кеңейтіліп, көлік қозғалысының ыңғайлылығы мен өткізу қабілетін арттыру көзделіп отыр.
Бұдан кейін қала әкімі тұрғындардан келіп түскен өтініш-шағымдар негізінде “Тайвань” алқабы аумағына арнайы барып, М. Өзтүрік және Шоқалақов көшелерінің қиылысындағы электр бағаналарын орнату жұмыстарын тексерді.
Бүгінде аталған аумақтағы ескірген, тозығы жеткен электр бағаналары кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстар толық аяқталған соң көше жарықтандырылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасы едәуір жақсарады деп күтілуде.
Жалпы, қала аумағында жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға, көлік қатынасын жеңілдетуге және қаланың келбетін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.
Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде жауапты сала мамандарына жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды және тұрғындардың қауіпсіздігі мен қозғалысын басты назарға алуды тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1184804?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау