Теміртауда «Үйлену» пьесасы бойынша жаңа қойылым дайындалуда. Спектакль көрермен назарына Балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында «Подколесиннің метаморфозалары, немесе мүлде сенгісіз оқиға» атауымен ұсынылады.
Қойылымның басты ерекшелігі – «төртінші қабырғаның» бұзылуы: актерлер көрерменмен тікелей байланысқа шығып, оларды сахнадағы оқиғаға белсенді түрде тартады. Премьералық көрсетілімдер 21, 22 және 28 наурызға жоспарланған.
Спектакльдің режиссері Олег Керимов классикалық шығармалардың уақыттан тыс өзектілігін атап өтті.
— Классикалық туындылар ешқашан ескірмейді. Бүкіл әлемде бүгінге дейін Уильям Шекспир шығармалары сахналанып келеді, ал авторына 500 жыл болды. Бұл The Beatles секілді: бір маусымға ғана танымал әндер келесі жылы ұмытылып кетеді, ал «The Beatles» мәңгілік құбылыс болып қала береді. Сондықтан мен Гогольді таңдадым, тек оны жас көрерменге бейімдеп, аздап өңдедім, — деді ол.
Жаңартылған нұсқада қайталанатын тұстар қысқартылып, ескірген сөздер мен ұсақ детальдар алынып тасталған. Дегенмен, түпнұсқаның негізгі құрылымы мен мазмұны толық сақталған. Режиссер жаңа интерпретациялар қоспай, автор айқындап кеткен негізгі акценттерді өзгеріссіз қалдырған.
Оның айтуынша, спектакльдегі оқиғалар шартты «уақыттан тыс» кеңістікте өрбиді: бұл жағдайлар 200 жыл бұрын да, бүгін де орын алуы мүмкін. Қойылымның басты тақырыбы өзгеріссіз — жауапкершіліктен қашу және ересек болудан жалтару мәселесі. Бұл тақырып бүгінгі көрерменге де жақын.
Қойылымға Теміртау қалалық жасөспірімдер театрының актерлері қатысады. Спектакль 16 жастан жоғары көрерменге арналған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1185662?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау