КЕЛЕСТЕ АУЫР АТЛЕТИКАДАН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Келес ауданында ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Түркістан облысының чемпионаты басталды.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Самат Ергешбаев, спорт жанашыры, «Байдың балалары» КВН командасының капитаны Нұрым Досбол қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Самат Құттыбайұлы өңірде спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Жыл басында осы спорт кешенінен ауыр атлетика залы ашылған болатын. Бүгін, міне, облыстық деңгейдегі жарысты қабылдап отырмыз. Мұндай бәсекелер жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, мықтыларды анықтауға және болашақта республикалық чемпионаттарда өңір намысын қорғауға үлкен мүмкіндік береді», – деді ол.
Үш күнге жоспарланған жарыста 21 салмақ дәрежесі бойынша 100-ден астам спортшы бақ сынайды. Аталған чемпионат алдағы Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысатын үздік жасөспірімдерді іріктеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ауыр атлетикамен жасөспірімдер 13 жастан бастап тегін айналыса алады. Қазіргі таңда Түркістан облысында Арыс қаласында, Шымкент қаласындағы Б. Саттарханов атындағы мектеп-интернатта, сондай-ақ Шардара, Төлеби, Созақ, Келес, Түлкібас және Мақтаарал аудандарында ауыр атлетика залдары жұмыс істейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1185990?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version