Облыс әкімі елді мекендерді абаттандыру мен тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру өңірді дамытудың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– 23 наурыз күні елімізде Наурызнама онкүндігі аясындағы «Тазару күні» мерекесіне орай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңін ашатын ауқымды экологиялық науқан басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызын бірнеше рет атап өткен болатын, – деді Асайын Байханов.
Жоба аясында өңірде кешенді жұмыстар жалғасады: жаппай ағаш отырғызу, аулаларды, саябақтар мен скверлерді санитарлық тазалау, рекреациялық аймақтарды дамыту және жайлы қалалық ортаны қалыптастыру.
Негізгі бағыттардың бірі – қоғамдық кеңістіктерді дамыту. Биыл облыс қалаларында 15 саябақ пен скверді абаттандыру жоспарланған. Олардың қатарында ERG тобымен жасалған меморандум аясында Ақсу қаласындағы саябақтың құрылысын жалғастыру, Екібастұздағы «Шахтёр» саябағын абаттандыру, сондай-ақ Жасыбай көлінің жағажай аймағының құрылысы мен жаңғырту жобалары бар.
Аулаішілік ортаны да жайлы етуге ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы облыс бойынша 132 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр (Павлодарда – 50, Екібастұзда – 50, Ақсуда – 32). Жұмыстар аяқталған соң Павлодар мен Ақсу қалалары толықтай балалар ойын алаңдарымен қамтамасыз етіледі.
Көгалдандыру саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы облыстың елді мекендерінде 66,8 мыңнан астам ағаш отырғызылса, биыл тағы 63 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр. Сала мамандарын тартудың арқасында жасыл желектердің жерсіну деңгейі 90% жетті. Ұзақ жылдардан кейін алғаш рет апатты жағдайдағы ағаштарды ірі жапырақты жөке ағаштарына ауыстыру арқылы көше бойындағы жасыл желектерді ауқымды қайта жаңарту жұмыстары басталды.
Қалалардың тазалығы мен қалдықтарды басқару жүйесіне де ерекше назар аударылуда. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында тиісті бағдарламалар бекітілді. 2026 жылы 2262 еуроконтейнер және 21 қоқыс тасымалдайтын көлік сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар ғарыштық мониторингтің деректеріне сәйкес, 2025 жылы 248 рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталып, олардың барлығы жойылды.
Өңір тұрғындары экологиялық іс-шараларға белсенді қатысуда: 2025 жылы науқандарға 329 мыңнан астам адам және 40 мыңнан астам кәсіпорын қатысты.
18 сәуірден бастап облыста «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында тазалық айлығы басталады. Осы кезеңде «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ», «Таза су айдындары», сондай-ақ халықаралық «World Clean Up» бастамасы аясындағы науқандар өтеді. Облыстық сенбілік 25 сәуірге жоспарланған.
Асайын Байханов қала және аудан әкімдеріне 15 сәуірге дейін абаттандыру бойынша мердігерлерді анықтау рәсімдерін аяқтап, жүргізілетін жұмыстардың сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ «TazaQazaqstan» платформасына түсетін тұрғындардың өтініштерін уақытылы қарау және жедел шаралар қабылдау жұмыстарын жалғастыру, әрі елді мекендердің санитарлық жағдайына бақылауды күшейту тапсырылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1188167?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау