Маңғыстауда былтыр екі мыңға жуық спорттық іс-шара өтті
Маңғыстау облысында өткен жылы бұқаралық спортты дамыту бағытында 2000-ға жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. 7 жаңа спорт нысаны пайдалануға беріліп, 25 мыңнан астам бала спортпен қамтылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Мангубаев айтты. Спикердің айтуынша, мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 13 мыңға жуық бала тегін спорттық үйірмелерге қатысуда. -2025 жылы өткізілген спорттық шаралардың ішінде 500-ге жуық облыстық және ашық облыстық чемпионат, 50-ге жуық республикалық, Азия және Әлем чемпионаттары болды. Ауқымды іс-шаралардың қатарында Ақтау қаласында жамбы атудан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты, «Солдатский» жағажайында дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты, сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер арасында қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионаты бар. 2025 жылы облыста 7 жаңа спорт нысаны салынып, пайдалануға берілді, – деді Қанат Мангубаев. Қанат Мангубаевтың сөзінше Қарақия ауданының Жетібай және Мұнайшы ауылдарында ангар типті спорт залдары ашылды. Түпқараған ауданы, Қызылөзен ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Ал Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт кешені салынды. Ал Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылында жаңа спорт кешені бой көтеріп, онда жекпе-жек және ауыр атлетика бағыттары қарастырылған. Сондай-ақ, Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылында демеушілік қаражат есебінен дзюдо мен еркін күрес секциялары ашылды. Жақында Ақтау қаласында «Bauyr Arena» мұз айдыны пайдалануға берілді. Брифинг барысында спикер биыл облыста халықаралық жарыстар өткізу жоспарланып отырғанын айтып, спортшылардың соңғы жылдардағы жетістіктеріне де тоқталды. -Ақтау қаласында жасөспірімдер арасындағы самбо күресінен Азия чемпионаты, Ocean Man Aktau ашық суда жүзу жарысы, Caspiy Marathon, Каспий ойындары және жазғы спартакиада сияқты халықаралық марафондар бар. Облыстың спортшылары халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. XXV жазғы сурдолимпиадада жерлесіміз Хамзе Ғұлама дзюдо күресінен алтын медаль жеңіп, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері атағын алды. Сонымен қатар, еркін күрес, қоян-қолтық ұрыс және басқа спорт түрлерінен республикалық және әлемдік деңгейде жүлделер иеленді, – деді спикер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1189094?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау