«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау өз жұмысын Отырар ауданында жалғастырды. Бұл жолы ауқымды қабылдау Шәуілдір елді мекеніндегі мәдениет үйінде өтіп, жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдауға облыстық деңгейдегі 56 мемлекеттік органдардың, мекемелер мен ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаттары арнайы келді.
Қоғамдық қабылдау партияның «Құқықтық көмек» жобасымен үйлестіріліп, азаматтардың заңды мүдделеріне қатысты сұраныстарына құқық қорғау және прокуратура органдарының өкілдері, мемлекеттік кірістер, әділет және төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері, кәсіби заңгерлер, нотариустар, адвокаттар, медиаторлар, сот орындаушылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және банк қызметкерлері, тағы басқа ресми өкілдер жауап берді.
Облыстық партия филиалы қолға алған қоғамдық қабылдаулардың жаңа форматы азаматтардың нақты мәселелерін шешуге арналған тиімді жұмыс тәсілі екенін өңірлік партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев айтып өтті.
Қабылдау барысында отырарлық тұрғындар тарапынан өңір үшін өзекті саналатын бірқатар маңызды мәселелер кеңінен көтерілді. Атап айтқанда, жер қатынастары саласындағы түйткілдер, оның ішінде жер телімдерін алу, рәсімдеу, мақсатты пайдалану және заңдастыру мәселелері тұрғындарды алаңдататыны байқалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына тікелей әсер ететін ағын су тапшылығы мен ирригациялық жүйелердің жай-күйі де басты назарға алынды. Диқандар су арналарының тозуы мен су жеткізудегі қиындықтарды айтып, бұл бағытта жүйелі шешімдер қажет екенін жеткізді.
Қабылдауға келген Шәуілдір елді мекенінің тұрғыны ауласындағы қоршауды ретке келтіруге жәрдем көрсету, балалар үшін футбол ойнайтын алаң ашып беру мәселесімен жүгінді. Бұл мәселелерді де аудан әкімдігі қадағалауына алып, жәрдем көрсетеді деп шешілді. Маяқұм елді мекеніндегі күндізгі емдеу стационарын тәулік бойы қызмет көрсететін медициналық ұйымға айналдыру, дәрігер мамандардың жетіспеушілігін шешу, оны қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін партияның Түркістан облыстық филиалы облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе қарастыратын болады.
Билік пен халық арасындағы ашық әрі тиімді диалогтың тетігіне айналған партиялық қоғамдық қабылдау кездесуі түс қайта осы ауданның Темір елді мекенінде өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен жүзеге асып жатқан пікір алмасу алаңдары азаматтардың мәселесін жергілікті жерде, жедел әрі нақты шешуге ықпал етіп отыр. Алдағы уақытта да мұндай көшпелі қоғамдық қабылдаулар облыстың барлық аудан, қалаларында кезең-кезеңімен өткізіліп, азаматтардың сенімі мен үмітін ақтайтын, көптеген мәселенің шешу жолдарын айқындайтын бастама ретінде жалғасын табады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1189210?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау