«AMANAT»-ТЫҢ КӨШПЕЛІ АЛАҢЫ – ОТЫРАРДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау өз жұмысын Отырар ауданында жалғастырды. Бұл жолы ауқымды қабылдау Шәуілдір елді мекеніндегі мәдениет үйінде өтіп, жергілікті тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдауға облыстық деңгейдегі 56 мемлекеттік органдардың, мекемелер мен ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаттары арнайы келді.
Қоғамдық қабылдау партияның «Құқықтық көмек» жобасымен үйлестіріліп, азаматтардың заңды мүдделеріне қатысты сұраныстарына құқық қорғау және прокуратура органдарының өкілдері, мемлекеттік кірістер, әділет және төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері, кәсіби заңгерлер, нотариустар, адвокаттар, медиаторлар, сот орындаушылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және банк қызметкерлері, тағы басқа ресми өкілдер жауап берді.
🔹Мемлекеттің ашықтығы мен азаматтардың жауапкершілігі тоғысқан диалог алаңының ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Мырзахан Манапов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Амангелді Әліш, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Отырар аудандық мәслихатының және аудандық партия филиалының төрағасы Уалихан Ұзақов, атқарушы хатшы Еркеғали Таңатаров қатысты.
Облыстық партия филиалы қолға алған қоғамдық қабылдаулардың жаңа форматы азаматтардың нақты мәселелерін шешуге арналған тиімді жұмыс тәсілі екенін өңірлік партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев айтып өтті.
🔹«- Бұған дейін, облыс тұрғындары қандай да бір мәселесін шешу үшін лауазымды тұлғалар мен заңгерлердің қабылдауларына алдын-ала жазылып, Түркістан қаласына ұзақ жол жүріп, уақытын жоғалтып, күтетін еді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауда, облыстық департаменттер мен басқармалардың өкілдерін, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдарды, құқық қорғау органдарын, заңгерлер мен медиаторларды, жергілікті билік құрылымдарын, депутаттарды шалғай елді мекендерге шақырып, тұрғындардың қатысуымен қабылдау өткізуіне мүмкіндік ашып отырмыз. 2025 жылы осындай қабылдаулар 461 мәрте өткізіліп, 4500 тұрғынның арыз-өтініштерін қабылдадық. Өтініштердің 2711-і, яғни барлық өтініштердің 60,2 пайызы оң шешілді. Осындай көшпелі қабылдаулар өткізу арқылы біз тұрғындарға жақындай түсіп, азаматтардың мәселесін сол жерде шешуге күш салып келеміз», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Қабылдау барысында отырарлық тұрғындар тарапынан өңір үшін өзекті саналатын бірқатар маңызды мәселелер кеңінен көтерілді. Атап айтқанда, жер қатынастары саласындағы түйткілдер, оның ішінде жер телімдерін алу, рәсімдеу, мақсатты пайдалану және заңдастыру мәселелері тұрғындарды алаңдататыны байқалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына тікелей әсер ететін ағын су тапшылығы мен ирригациялық жүйелердің жай-күйі де басты назарға алынды. Диқандар су арналарының тозуы мен су жеткізудегі қиындықтарды айтып, бұл бағытта жүйелі шешімдер қажет екенін жеткізді.
🔹Жерге қатысты сұранысын білдірген Маяқұм елді мекенінің тұрғынына өзінің иелігіндегі жерді суармалы жер деп тану үшін белгіленген талаптар түсіндірілді. Ең алдымен мұндай санаттағы жерлер ресми түрде суару мүмкіндігі бар, мелиорациялық тұрғыдан жарамды және ауыл шаруашылығында су арқылы өнім өндіруге бейімделген алқап ретінде тіркелуі қажет екені айтылды. Ал Көксарай елді мекенінің тұрғыны Сарыкөл ауылынан жайылымдық жер алу бойынша көмек көрсетілуін өтінді. Тұрғынның талабын тыңдағаан мемлекеттік органның қызметкерлері, бұл жерлер орман қорына жататынын түсіндіріп, ол аумақтан жайылымдық жерлер берілмейтініне назар аударды.
🔹Бұдан бөлек, елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, әсіресе ішкі жолдардың сапасы, олардың жөндеу және күтіп ұстау мәселелері жиі көтерілді. Кейбір ауылдарда су жүйелерінің ескіруі тұрғындардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отырғаны айтылды. Бұл мәселелер аудан әкімдігінің бақылауына алынды. Азаматтар білдірген өтініш бойынша «Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм» автомобиль жолының Шытты елді мекеніндегі тұсын жөндеу мәселесі шешілетін болды.
Қабылдауға келген Шәуілдір елді мекенінің тұрғыны ауласындағы қоршауды ретке келтіруге жәрдем көрсету, балалар үшін футбол ойнайтын алаң ашып беру мәселесімен жүгінді. Бұл мәселелерді де аудан әкімдігі қадағалауына алып, жәрдем көрсетеді деп шешілді. Маяқұм елді мекеніндегі күндізгі емдеу стационарын тәулік бойы қызмет көрсететін медициналық ұйымға айналдыру, дәрігер мамандардың жетіспеушілігін шешу, оны қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін партияның Түркістан облыстық филиалы облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе қарастыратын болады.
🔹Қабылдау аясында тек жеке өтініштер ғана емес, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстар да айтылды. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, білім мен медицина сапасын арттыру сынды бағыттарда тұрғындар өз ойларын ортаға салды. Бұл ұсыныстар да назарға алынып, тиісті құрылымдарға жолдануы үйлестіріледі.
Билік пен халық арасындағы ашық әрі тиімді диалогтың тетігіне айналған партиялық қоғамдық қабылдау кездесуі түс қайта осы ауданның Темір елді мекенінде өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен жүзеге асып жатқан пікір алмасу алаңдары азаматтардың мәселесін жергілікті жерде, жедел әрі нақты шешуге ықпал етіп отыр. Алдағы уақытта да мұндай көшпелі қоғамдық қабылдаулар облыстың барлық аудан, қалаларында кезең-кезеңімен өткізіліп, азаматтардың сенімі мен үмітін ақтайтын, көптеген мәселенің шешу жолдарын айқындайтын бастама ретінде жалғасын табады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1189210?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді