2026 жылғы 26-27 наурызда Шымкент, Түркістан қалаларында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің және Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ұйымдастыруымен «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында оқыту семинары өткізілді.
Аталған іс-шараға жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының тілдерді дамыту мәселесіне жауапты құрылымдық бөлімшелердің және тілдерді оқыту орталықтарының қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Алдашұлы Рахымжанов энциклопедиялық мақала тақырыбын дұрыс таңдаудың, қазақ тіліндегі сапалы контентті толықтырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың өзектілігін атап өтті.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, постдокторант Ақмарал Қалиярбекқызы Дауткулова және қазақ тілді уикипедиашылар қауымдастығының мүшесі, уикипедиашы Музаффар Тургунов қатысушыларға арналған тренинг барысында Уикипедия платформасына тіркелу, мақалаларға өңдеу жасау және жаңа мақала орналастырудың алгортимдерін, сапалы контент дайындаудың жолдары туралы мәлімет берді.
Семинар соңында қатысушылар спикерлерге алғыс білдіріп, алдағы уақытта Уикипедия жобасына белсенді үлес қосуға ниет білдірді. Мұндай бастамалар цифрлық дәуірде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған маңызды іс-шара болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1189960?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау