Алматының Алатау ауданында инженерлік және жол инфрақұрылымын ауқымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Биылдың өзінде жалпы ұзындығы шамамен 136 шақырым болатын су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар ондаған шақырым жаңа жолдардың құрылысы басталды. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сапасын едәуір арттырып, базалық коммуналдық қызметтер мен көлік қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев мәлімдеді.
«Аудан дамуының негізгі қағидаттарының бірі — қаланың полиорталықты моделін іске асыру. Біз барлық шағынауданда өмір сапасының тең деңгейін қамтамасыз ету үшін инженерлік және көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып келеміз. Бұл — Алатау ауданының тұрақты өсімінің берік негізі», — деді әкім.
Оның айтуынша, 2026 жылы Шапағат, Теректі, Болашақ және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жалпы ұзындығы 135,9 шақырым болатын су және кәріз желілерінің құрылысы аяқталады. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 34 мың тұрғын орталықтандырылған коммуналдық қызметтермен қамтылады.
«Бұл соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Оның жүзеге асуы тұрғындардың тұрмыс жайлылығын арттырып қана қоймай, санитария және экология мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. 2026 жылдың соңына қарай аудан толықтай орталықтандырылған су және кәріз жүйелерімен қамтылады», — деді Данияр Қырықбаев.
Сонымен қатар ауданда жол инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, бұрын облыстан қосылған шағынаудандарда бұл бағыттағы жұмыстар қызған. Биыл Боралдай, Теректі және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жалпы ұзындығы 78,3 шақырым болатын жаңа жолдардың құрылысы басталды. Сондай-ақ Рысқұлов даңғылының 2,3 шақырым, Саин көшесінің 3,2 шақырым және Тілендиев көшесінің 10,5 шақырым учаскелерін салу жобалары қолға алынды.
«Жаңа шағынаудандардағы жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл көлік байланысын жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық нысандарға қолжетімділігін арттырады. Жолдарды кешенді дамыту — біздің стратегиялық бағытымыздың маңызды бөлігі», — деді әкім.
Бұдан бөлек, биыл жалпы ұзындығы 107 шақырым болатын 163 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар 27 мың шаршы метр жол жабынына ағымдағы жөндеу жүргізу және 3 мың шаршы метр тротуар салу көзделіп отыр.
Қалалық ортаны көріктендіру мәселесіне де ерекше назар аударылуда. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2026 жылы жүзеге асырылатын 43 жоба анықталды. Бұл мақсаттарға 2,5 млрд теңге қарастырылған.
Аталған жобалар Зерделі, Шаңырақ-1 және 2, Нұркент, Ақкент, Ақбұлақ, Алғабас, Саялы, Көкқайнар, Томирис, Әйгерім, Боралдай шағынаудандарын, сондай-ақ «Теплоэнергетик» саяжай алқабын қамтиды. Қазіргі таңда мердігер ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдері жүргізіліп жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1190821?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау