ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі инновациялық даму жайлы баяндады. Бүгінде металлургия, медицина, IT және агроөнеркәсіп кешеніндегі қолданбалы жобаларға көңіл бөлінуде.
ШҚО әкімі атап өткендей, ғылым өңір экономикасына қызмет етуі тиіс. Университеттер, ғылыми орталықтар мен кәсіпорындар біртұтас экожүйе ретінде жұмыс істегенде бизнес нақты сұраныс қалыптастырады, ал ғылым саласы нақты шешімдер ұсынып, оларды өндіріске енгізеді.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік, халықаралық және тапсырыстық зерттеулерді қоса алғанда 250-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Тау-кен металлургия кешенін дамыту үшін Серікбаев атындағы университет, Үлбі металлургия зауыты және ШҚО әкімдігі бірлесіп, ұнтақты металлургия әдісімен отын таблеткаларын өндіруге арналған пресс-құралының ресурсын арттыратын жобаны қарастыруда. Бұл жоба импортқа тәуелділікті азайтады және өнімнің өзіндік құнын төмендетеді», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ жоғары беріктігі бар қорытпаларды қайта өңдеуге арналған «Horizon» бағдарламасы бойынша Үлбі металлургия зауыты 8 млн еуроға грант алған. Бұл бериллий өндіруді 5%-тен 9%-ға дейін арттырады.
Шығыс Қазақстанда халықаралық ынтымақтастық та дамып келеді. Машина жасау саласы бойынша Лу Бань шеберханасының және тау-кен ісі мен геология бағыттары бойынша Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институтының алаңдары жұмыс істейді.
«С. Аманжолов атындағы университетпен бірлесіп, ылғалды ұстап тұратын, топырақ құрылымын жақсартатын және өсімдіктердің өсуін ынталандыратын биоыдырайтын гидрогель әзірлеу жобасы қарастырылуда. Технологияның негізгі тұтынушылары агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары болмақ. Цифрлық технологиялар саласында негізгі өмірлік маңызды салалардың мониторингін қамтамасыз ететін Өңірлік аналитикалық орталық іске қосылды», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аталған орталыққа 6 мыңнан астам бейнебақылау камерасы, ауа сапасын бақылауға арналған 25 мониторинг бекеті және жылу көздерін бақылауға арналған 23 датчик біріктірілген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1190820?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау