Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені былтыр соңғы жылдардағы ең маңызды нәтижелердің бірін көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты алғаш рет 7 млрд АҚШ долларына (3,5 трлн теңге) жетті. Бұл тек жеткізілім көлемінің өсуін ғана емес, сонымен қатар саладағы сапалы жүйелі өзгерістерді де көрсетеді. Бұл жоғар нәтижеге жеңілдетілген несиелеудің 1 трлн теңгеге дейін кеңеюінің арқасында қол жеткізілді деуге болады.
Жылдық мөлшерлемесі 5% болатын, 15 айға дейінгі мерзімге берілген жеңілдетілген қаржыландыру ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға бағытталды. Мұндай тетік аграрлық өндірістік үдерістің барлық кезеңінде — егіс жұмыстарынан бастап дайын өнімді өңдеу мен өткізуге дейін — қажетті ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығының маусымдық сипатын ескерсек, бұл бизнестің тұрақтылығы үшін аса маңызды факторға айналды.
Негізгі макроэкономикалық нәтиже ретінде 7 млрд АҚШ доллары көлемінде валюталық түсімнің түсуі болды. Бұл қаражат елдің төлем теңгерімін нығайтып, ұлттық экономиканың тұрақтылығын арттырды және сыртқы өткізудің қосымша көзіне айналды.
Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3,5 трлн теңгеден асты. Түскен пайда көлемі соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Отандық өнімдерді ең көп қабылдаған елдер қатарында Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Ресей және басқа да мемлекеттер бар.
Ең сұранысқа ие өнім түрлерінің қатарына бидай, бидай ұны, мал азықтық ұн, арпа, зығыр тұқымы, күнбағыс майы, күнжара және басқа да өнімдер кірді.
Сонымен қатар, жеңілдетілген қаржыландырудың әсері тек экспорттың өсуімен ғана шектелмейді. Ол агроөнеркәсіп кешенінің бүкіл құрылымына кешенді ықпал етеді.
Атап айтқанда, қайта өңдеу саласының қарқынды дамуы байқалады: қосылған құны жоғары өнімдердің экспорты 35,3%-ға өсіп, 3,6 млрд АҚШ долларына жетті. Жалпы экспорттағы қайта өңделген өнімдердің үлесі 50%-дан асты. Бұл шикізаттық модельден біртіндеп бас тартып, неғұрлым тұрақты әрі әртараптандырылған экономикаға көшу жүріп жатқанын көрсетеді.
Ішкі өндірісте де оң серпін байқалады. Азық-түлік өнімдерін шығару 8,1%-ға өсіп, 3,9 трлн теңгені құрады, ал сусындар өндірісі 9,7%-ға артып, 1,2 трлн теңгеге жетті. Өндіріс көлемінің ұлғаюы көлік, логистика, сақтау және сауда сияқты сабақтас салалардың дамуын жеделдетіп, бүкіл экономика үшін мультипликативтік әсер қалыптастырды.
Жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділік өңірлердегі іскерлік белсенділікті де арттырды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен қайта өңдеу қуаттарының жүктемесі өсіп, бұл жұмыспен қамту деңгейіне және ауылдық аумақтардың дамуына оң ықпал етті.
Осылайша, бұл бағдарлама тек бизнесті қолдау құралы ғана емес, сонымен қатар өңірлік саясаттың маңызды тетігіне айналды.
Саланың инвестициялық әлеуеті де ерекше назар аударуға лайық.
Шикізат базасының нығаюы, экспорттың өсуі және қаржылық жағдайлардың тұрақтылығы әсіресе терең қайта өңдеу сегментінде инвесторларды тартуға қолайлы орта қалыптастыруда. Алдағы кезеңде бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың ішінде жылына жалпы қуаты 5,8 млн тонна болатын алты ірі астық өңдеу кәсіпорны бар. Бұл жобалар қосылған құны жоғары өнім шығаруға және Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге бағытталады.
Осылайша, 1 трлн теңге көлеміндегі жеңілдетілген қаржыландыру тек дағдарысқа қарсы шара ғана емес, агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде жаңғыртудың маңызды құралына айналды. Ол өндірістің өсуін, экспорттың кеңеюін, қайта өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді дамуға бағытталған тұрақты экономикалық үлгінің қалыптасуына негіз болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1190840?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау