Антропозоонозды инфекцияларды қадағалау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

БҮГІН, 1 сәуірде, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде биологиялық қауіпсіздік және антропозоонозды инфекциялардың (бруцеллез, құтыру, күйдіргі) алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Талқылауға облыстың ветеринариялық қызметтері мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – инфекция ошақтарында «ведомствоаралық хат алмасудан» жедел бірлескен іс-қимылдарға көшу.
Кеңес барысында облыстағы өзекті эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдай туралы баяндамалар ұсынылды.

Департамент басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова өз сөзінде адамдар мен жануарларға ортақ ауруларды қадағалау кезіндегі жүйелі проблемалар мен «түйіткілді мәселелерге» баса назар аударды.
Қатысушылар талқылаған ең өзекті мәселелердің қатарында бруцеллез ошақтарында қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру регламентінің бұзылуы, ветеринариялық және санитариялық қызметтер арасындағы зертханалық диагностика әдістеріндегі қайшылықтар, жекелеген медициналық ұйымдарда құтыруға қарсы препараттардың тапшылығы, ауру малды санитариялық союға арналған мамандандырылған алаңдардың болмауы, қаңғыбас жануарлардың санын үздіксіз реттеу қажеттілігі және басқа да сұрақтар бар.

Кездесу қорытындысы бойынша нақты ұсынымдар қабылданды, ветеринариялық-санитариялық саламаттылық саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум әзірленді.
«Тек барлық қызметтердің үйлесімді жұмысы ғана қатерлерді азайтуға және облыс халқының денсаулығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Дөңгелек үстел қатысушылары.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-karaganda/press/news/details/1192028?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version