Ішкі істер министрлігінің оқу орталығында кәсіби даярлықтан өткен 45 жас қызметкерге алғашқы арнайы атақтар табысталып, олардың құқық қорғау саласындағы қызмет жолына ресми қадам басуы айрықша аталып өтті. Бұл күн – олардың өміріндегі маңызды белес қана емес, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты миссияның бастауы болды.
— «Бүгін сіздер тек арнайы атақ алып қана қоймай, халық сенімін арқаладыңыздар. Бұл – үлкен жауапкершілік. Әрбіріңіз ел тыныштығын сақтауда, заң үстемдігін қамтамасыз етуде табандылық пен әділдік танытуларыңыз қажет. Полиция қызметкері болу – жай ғана мамандық емес, бұл – елге қызмет етудің жоғары үлгісі. Сіздерден кәсібилікпен қатар, парасаттылық пен принципшілдік күтіледі. Әрқашан антыңызға адал болып, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарасыздар деп сенемін», – деді департамент басшысы.
Іс-шара барысында жас полицейлер салтанатты түрде ант қабылдап, ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қорғау жолында адал қызмет етуге дайын екендіктерін білдірді. Олардың жүзіндегі сенім мен жігер – болашаққа деген нық қадамның айғағы іспетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1193234?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау