Абай облысы Полиция департаментінің бастығы жас қызметкерлердің алғашқы шенін салтанатты түрде табыс етті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ішкі істер министрлігінің оқу орталығында кәсіби даярлықтан өткен 45 жас қызметкерге алғашқы арнайы атақтар табысталып, олардың құқық қорғау саласындағы қызмет жолына ресми қадам басуы айрықша аталып өтті. Бұл күн – олардың өміріндегі маңызды белес қана емес, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты миссияның бастауы болды.

👮‍♂️Салтанатты рәсім барысында департамент бастығы полиция полковнигі Эльдар Нұрланұлы Данияров жас мамандарға арнайы атақтарын табыстап, оларды жаңа мәртебемен шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде ол құқық қорғау органдарындағы қызметтің мәні мен маңыздылығына ерекше тоқталып, әрбір полицейдің кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік ұстанымы мен адалдығы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

— «Бүгін сіздер тек арнайы атақ алып қана қоймай, халық сенімін арқаладыңыздар. Бұл – үлкен жауапкершілік. Әрбіріңіз ел тыныштығын сақтауда, заң үстемдігін қамтамасыз етуде табандылық пен әділдік танытуларыңыз қажет. Полиция қызметкері болу – жай ғана мамандық емес, бұл – елге қызмет етудің жоғары үлгісі. Сіздерден кәсібилікпен қатар, парасаттылық пен принципшілдік күтіледі. Әрқашан антыңызға адал болып, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарасыздар деп сенемін», – деді департамент басшысы.

Іс-шара барысында жас полицейлер салтанатты түрде ант қабылдап, ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қорғау жолында адал қызмет етуге дайын екендіктерін білдірді. Олардың жүзіндегі сенім мен жігер – болашаққа деген нық қадамның айғағы іспетті.

💥Бұл күн жас қызметкерлер үшін тек марапат алу сәті ғана емес, сонымен қатар олардың бойында жауапкершілік, тәртіп пен кәсіби адалдық сияқты қасиеттерді нығайтатын маңызды рухани кезең болды. Абай облысының полиция қатары осындай білімді, жігерлі және отансүйгіш мамандармен толығып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жаңа серпін алуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1193234?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді