Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылдық округінде жаңа өндірістік жобаларды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы ретте аудан әкімі Азат Оралбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Айғақ» телерарнасының басшысы Дулат Әбіш пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Бадам ауылындағы «Оңтүстік ЖБИ» кірпіш зауытының жұмысымен танысты.
Аталған өндіріс орны 2012 жылдан бері құрылыс саласына сапалы өнім ұсынып келеді. Қазіргі таңда зауыт иесі Бегалы Мұхамедовтың бастамасымен кәсіпорын толықтай жаңғыртылып, заманауи технологиялармен жабдықталуда. Жоба аясында өндіріс процесі автоматтандырылып, адам еңбегін алмастыратын роботтандырылған жүйе енгізілмек.
Жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 700 млн теңге «Өрлеу» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие ретінде қарастырылған. Қалған қаражат кәсіпкердің жеке инвестициясы есебінен қаржыландырылуда.
Жаңартылған зауытты ағымдағы жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр. Өндірістік қуаттылығы тәулігіне 200 мың дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кәсіпорында 20 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Аудан әкімі Азат Оралбаев бұл жобаны өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде атап өтті. Сондай-ақ, зауытқа қажетті жоғары технологиялық құрал-жабдықтардың Қытай Халық Республикасынан жеткізілетінін, бұл өз кезегінде өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Аталған жоба аймақтың индустриялық дамуына серпін беріп, отандық өндірістің өркендеуіне үлес қосады деп күтілуде.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1194036?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау