ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ҒЫЛЫМИ ФОРУМ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Түркістан облысында ауыл шаруашылық саласын ғылыми негізде дамыту үшін ғалымдармен ашық алаң құрылуда. Ордабасы ауданында «Агроөнеркәсіп кешенінде заманауи агротехнологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы тиімділігін арттыру» тақырыбында ғылыми конференциялық форум өтті.

Форумға облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Азат Оралбаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,Ұлттық аграрлық ғылым академиясының академигі Жәнібек Паржанов, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ аграрлық факультетінің деканы, профессор, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Гүлнәр Тастанбекова, «Өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы» кафедрасының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жеңісбек Әбдірайымов, сонымен қатар, Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандарының шаруалары қатысты.

Нұрбол Тұрашбеков ауыл шаруашылық саласын дамытуда бүгінгідей іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы елімізде көш бастап тұр. Салада жыл сайын 1 трлн.-нан астам теңгенің өнімі өндіріледі. Облыста 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызын құрайтынын айтып:
-Саланы ғылыми негізде дамыту – мемлекет басшысының жүктеген негізгі міндеттерінің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, біз бұл бағытта ғылыми орталықтармен тұрақты байланыс орната отырып, жаңа тәсілдер ендіруді жолға қоймақпыз, – деді.

«Темірлан қант» компаниясының бас директоры Қанат Сарбасов «Қант қызылшасын егу, жинау және терең өңдеу» жобасын таныстырып, шаруашылықты дамыту тетіктерін тілге тиек етті.

Оңтүстік өңірінде қой өсіру ерекшеліктері, жоғары өнімді өрік және жүзім дақылдарын өсіру, экологиялық таза отандық кептірілген жемістер өндіру, жоғары кірісті өсімдік шаруашылығын ұйымдастыру, өнімділікті 20 пайызға арттыру тақырыптарында баяндама жасалып, мәліметтер ұсынылды.

Жиын соңында қатысушылар аграрлық секторды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру бағытында өзара пікір алмасты.

Форум қорытындысында аудан әкімі Азат Оралбаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аудан экономикасының негізгі тірегі екенін атап өтіп, заманауи технологияларды енгізу мен инвестиция тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1194035?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version