Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті апталық аппарат жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округі әкімдері, сондай-ақ дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және ағаш көшеттерінің өнімділігі мен көгалдандыру жұмыстарының жай-күйі қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сыздық Батырбек Асқарбекұлы баяндама жасап, көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарының барысын жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, егістік алқаптарын дайындау, тұқым қорын толықтыру, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларының көктемгі науқанға дайындығы жөнінде нақты мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, ағын су жеткізу мәселелері де назардан тыс қалмады.
Баяндамашы өз сөзінде көктемгі дала жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Кизбаев Мұрадил Шекербекұлы баяндама жасап, аудан аумағында жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстары мен ағаш көшеттерінің өнімділігіне тоқталды. Ол өз сөзінде отырғызылған көшеттердің күтімі, суару, қоршау және оларды сақтау мәселелеріне тоқталып, ауыл округтердегі өзекті мәселерді атап өтті.
Мәжіліс барысында аудан әкімі көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу – ауыл шаруашылығы саласының басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, егілген ағаш көшеттерінің жерсінуін қамтамасыз ету, олардың күтімін күшейту және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін қадап айтты.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен ауыл округі әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген жұмыстарды мерзімінде әрі сапалы орындауды, сондай-ақ атқарылған жұмыстар бойынша тұрақты бақылау жүргізуді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1195012?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау