Бүгін облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста өңірдің өрт қаупі бар кезеңге дайындығы, сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспананы Отбасы банк арқылы бөлу тәртібі қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауа-райының жылынуына байланысты өңірде табиғи және дала өрттерінің алдын алу және оларға жедел әрекет ету бойынша шаралар кешені күшейтілді.

Төтенше жағдайлар департаменті күнделікті негізде ТЖМ геосервистерін пайдалана отырып ғарыштық мониторинг жүргізуде. Қосымша бейнебақылау жүйесі енгізілді: департаменттің кезекші бөліміне орман мекемелерінің 41 камерасы қосылды. Қазіргі уақытта Баянауыл ұлттық табиғи паркінің мұнараларында орнатылған 8 жылу камерасын ТЖД жүйесіне интеграциялау жұмыстары жүргізілуде, бұл көршілес облыстар мен Ресей Федерациясының аумағында мониторинг жүргізу ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Әкімдіктер және орман мекемелерімен құрғақ шөптерді өртеу және шабу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар 356 га аумақта орындалды. 49 мобильді топ (239 адам) құрылып, 37 рейд өткізілді.

18 сәуірден бастап Павлодар әуежайы базасында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның су төгетін құрылғымен жабдықталған МИ-8 тікұшағы кезекшілікке қойылады. Сондай-ақ орман қорғау авиациясы мен ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады: ТЖД қарамағында жылу камераларымен жабдықталған 8 дрон бар. Өңірде 250 елді мекенді қорғауды қамтамасыз ететін 79 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Биыл тағы 19 пункт ашу және 15 бекетті жаңғырту жұмыстары жоспарланған.

Жиналыс барысында облыс әкімі Асайын Байханов жекелей жауапкершілікке баса назар аударды.

– Өрттердің негізгі себебі бұрынғыдай адами фактор болып отыр: бақылаусыз өртеу және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау. Барлық қызметтер жедел әрекет етуді қамтамасыз етуі тиіс, ал әкімдер жергілікті жерде нақты бақылау жүргізуі қажет, – деп талап етті өңір басшысы.

Асайын Байханов саяжай учаскелерін тазалау мен түгендеу жұмыстарын аяқтауды, өрт сөндіру пункттеріндегі техникалардың жарамдылығын қамтамасыз етуді, елді мекендердің айналасында минералданған жолақтар құру жұмыстарын жандандыруды, төтенше жағдайлар департаментімен өзара іс-қимыл шараларын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, аппараттық жиналыста ЖАО тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана бөлу тәртібі қаралды. 2025 жылдың мамыр айынан бастап есепке қою, кезекті жүргізу және тұрғын үйді бөлу функциялары Отбасы банкке берілді. Бүгінгі таңда облыста 36 мыңнан астам адам кезекте тұр, оның ішінде 10 мыңнан астамы – жетім балалар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар.

Тұрғын үйді бөлу тәртібі кезекке қою күні, отбасы құрамы және тұрғын үй ауданы ескеріле отырып автоматты түрде жүзеге асырылады. Хабарламалар SMS арқылы жіберіледі, ал растауға 5 жұмыс күні беріледі.

Бөлу жылдамдығына тұрғын үйдің отбасы қажеттілігіне сәйкес келмеуі және кезекте тұрғандардың деректерінің өзекті болмауы әсер ететіні атап өтілді.

Облыс әкімі рәсімдерді жеделдету қажеттігін атап өтті.
– Барлық құқық белгілейтін құжаттар жылдам рәсімделуі тиіс. Тұрғын үй жүйеге уақтылы енгізіліп, нақты алушыларға жетуі керек, – деп атап өтті өңір басшысы.

Жиналыстың қорытындысы бойынша қала және аудан әкімдеріне пайдалануға берілген тұрғын үйлер бойынша құжаттарды қысқа мерзімде рәсімдеуді аяқтау және пәтерлерді Отбасы банкке жедел тапсыру тапсырылды. Облыстық қаржы басқармасына ҚР заңнамасы талаптарына, соның ішінде Азаматтық кодекске сәйкес есепке қою және жалдамалы әрі несиелік тұрғын үйді, соның ішінде бір ауылдық елді мекен аясында бөлу тәртібі бойынша орталық мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірлеу жүктелді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1195783?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version