Бір түнде — 127 құқық бұзушылықтың жолы кесілді: Талдықорған полициясының жұмысы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Талдықорғанда бір түн ішінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды рейдтік іс-шара өткізілді. Мұндай шаралар тек құқық бұзушылықтарды тіркеумен шектелмей, оларды дер кезінде тоқтатудың тиімді құралы болып табылады және ең бастысы — ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Рейд барысында полиция қызметкерлері 127 құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті. Олардың қатарында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйінде жүру, азаматтарға тиісу, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы фактілері бар.

Жол қозғалысы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Полицейлер техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралдарын басқару, маневр жасау, қиылыстардан өту, тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу деректерін анықтады. Сонымен қатар, құжатсыз көлік жүргізу және мас күйінде көлік басқару жағдайлары тіркелді. Жаяу жүргіншілер тарапынан да құқық бұзушылықтар анықталды.

Бұдан бөлек, тұрғылықты мекенжайлары бойынша ішкі істер органдарында есепте тұрған 35 адам тексерілді. Уақытша бейімдеу орталығына 7 адам жеткізілді.

Әрбір анықталған құқық бұзушылық — жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, алдын алынған ықтимал қауіп. Полицияның уақтылы араласуы ұсақ құқық бұзушылықтардың ауыр қылмыстарға ұласуына жол бермейді, яғни азаматтардың денсаулығын, мүлкін, кейде өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

«Полицияның басты міндеті — тек жасалған құқық бұзушылықтарға әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу. Әрбір жолы кесілген құқық бұзушылық — бұл алдын алынған тәуекел. Осы түнде біз анағұрлым ауыр салдарға әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алдық. Профилактика мен бақылау — жұмысымыздың негізгі бағыттары», — деп атап өтті полицияда.

Осындай рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде өткізу қаладағы жедел ахуалды тұрақты ұстап тұруға және азаматтар арасында заң бұзушылық үшін жауапкершіліктің сөзсіз екенін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1197519?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version