Сейсенбі күні аудан әкімі Ербол Жиенқұлов Меркі ауданы тұрғындарымен 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған тұрақты кездесулер кестесіне сәйкес, Сарымолдаев және Ақтоған ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.
Алдымен Сарымолдаев ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен аудан әкімі ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндады. Аудан әкімі өткен жылы ауданның негізгі даму бағыттарында оң көрсеткіштер қалыптасқанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы 44 млрд. 185,6 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,3 пайызды құраған. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 92 717,2 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8773 гектарға ұлғайған.
Өнеркәсіп саласында да оң нәтижелер бар. 2025 жылдың қорытындысымен өнеркәсіп кәсіпорындары тарапынан 15 млрд. 358,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құраған.
Кездесу барысында аудан әкімі аталған округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, бұған дейін тұрғындармен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысын баяндады.
Сонымен қатар, аудан әкімі округ аумағында, жалпы аудан көлемінде әлі де шешімін күткен өзекті мәселелер бар екенін атап өтті. Бұл бағытта оларды кезең-кезеңімен шешу үшін нақты жоспарлар әзірленіп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Кездесу барысында Ербол Жиенқұлов тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Осы күні түстен кейін аудан әкімі дәл осындай кездесуін Ақтоған ауылдық округінің тұрғындарымен өткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1198199?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау