КОНГО-ҚЫРЫМ ҚЫЗБАСЫ: ӨМІРДІ САҚТАЙТЫН ҚАРАПАЙЫМ ҚАҒИДАЛАР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақстанның оңтүстік өңірлері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (бұдан әрі – КҚГҚ) табиғи ошақтары болып табылады. Бұл – адамға негізінен кененің шағуы арқылы немесе жұқтырған жануардың қанымен байланыс кезінде берілетін аса қауіпті вирустық ауру. Денсаулық сақтау министрлігі қарапайым профилактикалық шараларды сақтау жұқтырудың алдын алып, денсаулықты сақтауға көмектесетінін ескертеді.
 
КҚГҚ ауыр ағымымен және жоғары өлім деңгейімен сипатталады, ол медициналық көмек көрсетілгеннің өзінде 30%-ға дейін жетуі мүмкін.
Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Ауру кенеттен басталып, дене қызуы 39–40 градусқа дейін көтеріледі, бас ауруы, қалтырау, бет пен шырышты қабықтардың қызаруы, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың ауыруы, жүрек айну, құсу байқалады. 2–4 күннен кейін мұрыннан, қызыл иектен қан кету, денеде және шырышты қабықтарда, сондай-ақ инъекция орындарында қанталау пайда болады, ішкі ағзалардан қан кету болуы мүмкін.
 
Сауығып шыққаннан кейін иммунитет 2 жылдан 7 жылға дейін сақталады.
Қазіргі уақытта КҚГҚ-ға қарсы вакцина жоқ.
КҚГҚ табиғи ошақтары Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан. Қазақстанда бұл аурумен сырқаттану жағдайлары жыл сайын тіркеледі.
 
Адамның жұқтыруы келесі жағдайларда болады:
•жұқтырған кененің тікелей шағуы кезінде;
– кенемен зақымданған ауыл шаруашылығы жануарларын күту кезінде (жануардан кенені алу және жаншу, қой қырқу, ірі және ұсақ малды сою және бөлшектеу барысында);
– КҚГҚ-мен ауырған адаммен (биологиялық сұйықтықтары арқылы) байланыс кезінде. 
 
Жұқтыру қаупі жоғары топтарға мыналар жатады:
– жануарларды күтумен айналысатын адамдар (шопандар, малшылар, сауыншылар, ветеринариялық қызметкерлер), сондай-ақ оларды сою немесе бөлшектеумен айналысатындар;
– эндемиялық аумақта жұқтырған кенемен байланысқа түскен кез келген тұлғалар;
– КҚГҚ-мен ауырған науқастың қаны және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен қорғаныссыз байланыста болған медицина қызметкерлері.
 
КҚГҚ жұқтырмау үшін:
– табиғатқа шыққанда кенелерді үркітетін құралдарды (аэрозольді репелленттерді) пайдалану;
– киімге жабысқан кенелерді дер кезінде анықтау үшін өзін-өзі және бірін-бірі тексеру;
– ауыл шаруашылығы жануарларын қырқу және жүнін өңдеу жұмыстарын қорғаныш киіммен және қолғаппен орындау. Қорғаныш киім болмаған жағдайда, киімнің жоғарғы бөлігін шалбарға салып, шалбарды шұлықтың ішіне кіргізу;
– табиғи ошақтарда орналасқан мал мен қора-жайларға кенеге қарсы өңдеу жүргізу қажет.
Ауруды дер кезінде емдемеген жағдайда КҚГҚ өліммен аяқталуы мүмкін екенін ескере отырып, кене шаққан жағдайда дереу медициналық мекемеге жүгіну қажет! Кенені өз бетінше алып тастауға болмайды!
 
Денсаулық сақтау министрлігі  қарапайым қағидаларды сақтау және уақтылы медициналық көмекке жүгіну өзіңізді және жақындарыңызды тиімді қорғауға мүмкіндік беретінін атап көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1198013?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version