Абай облысында 2 мыңнан астам малға GPS-құрылғылар орнатылды.
Абай облысында мал ұрлығының алдын алуға бағытталған “Мал ұрлығына жол жоқ” республикалық профилактикалық іс-шарасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған бастаманың басты мақсаты — ауыл шаруашылығы жануарларының сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру.
Іс-шара аясында құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп, ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Мал иелері арасында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, малды бағу тәртібін сақтау, қараусыз жібермеу және қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі кеңінен насихатталуда. Сонымен қатар заманауи технологияларды енгізудің маңызы түсіндіріліп, GPS-құрылғылар арқылы малдың қозғалысын тұрақты бақылаудың тиімділігі кеңінен таныстырылуда.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде нақты көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда мал иелерінің қатысуымен 2873 аула аралау жұмыстары жүргізілді. Нарықтар мен сауда орындарында 198 рейд ұйымдастырылып, мал шаруашылығы өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу бағытында бақылау күшейтілді. Бұдан бөлек, 1428 бас малға жеке сәйкестендіру жүргізіліп, олардың есебі жүйеленді. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында 2185 бас малға GPS-құрылғылар орнатылып, олардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Іс-шара барысында малды міндетті түрде сәйкестендірудің маңызына ерекше назар аударылуда. Сонымен бірге мал иелері, бақташылар және жергілікті атқарушы органдар арасында үшжақты келісімшарт жасау тәртібі түсіндіріліп, жауапкершілікті бөлісу тетіктері айқындалуда. Бұл тәсіл малды қараусыз жаюдың алдын алуға, есеп жүргізуді жетілдіруге және құқық бұзушылықтарды болдырмауға ықпал етеді.
Абай облысының полициясы азаматтарды өз мүлкіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Мал басын уақтылы есепке алу, сәйкестендіру, таңбалау және заманауи бақылау құралдарын қолдану — қауіпсіздіктің негізгі кепілі. Тек бірлескен әрі жүйелі профилактикалық шаралар арқылы ғана мал ұрлығының жолын кесіп, ауыл тұрғындарының тыныштығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1198715?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау