Әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігі – қоғамның айнасы, адамгершіліктің басты өлшемі. Осы өзекті тақырып аясында өткен «Қауіпсіздік пен сенім жолындағы қадамдар» атты дөңгелек үстел еркін пікір алмасу алаңына айналып, қатысушылар маңызды мәселелерді кеңінен талқылады. Жиынды облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ұйымдастырды.
Жиынға журналист, блогер Мөлдір Анарбаева, “Анаға тағзым” орталығының психолог маманы Бану Тілесова, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері Фарида Метеркулова және Ұлттық ұлан 5513 әскери бөлімінің рота фельдшері Жанерке Абитаева қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Кездесу көркем өнермен де сабақтасты. «Ақберен» үйірмесінің шәкірті Жамалбек Мирас анаға деген құрмет пен ізгілікті жырға қосқан арнауын орындап, көрермен көңілін тебірентті. Ал «Қаратау» үйірмесінің шәкірті Джасаров Қанат «Ана» тақырыбындағы әсерлі өлеңімен ананың асыл бейнесін айшықтады. Сондай-ақ, жыршы әрі дәстүрлі әнші Бекарыс Көштаев «Аналар» әнін нақышына келтіріп орындады.
Кештің көркем шымылдығын қорытындылаған орталықтың үйірме жетекшілері мен шәкірттері «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» әнін орындап, жиынға ерекше рухани жылулық сыйлады.
Іс-шара қорытындысында әйелдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – тек міндет емес, бұл – адамзаттық парыз екені айқындалды. Қоғамда мейірім мен жауапкершілік салтанат құрғанда ғана қауіпсіз орта қалыптасатыны тағы бір мәрте атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1198065?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау