ҚР Президенті жанындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева Астана қаласындағы ювеналды сот жанынан құрылған Отбасылық жанжалдарды шешу орталығына барды.
Кездесу барысында орталықтың жұмыс тәжірибесі зерделеніп, оны алдағы уақытта ел өңірлерінде кеңінен енгізу мүмкіндігі қарастырылды. Уәкіл отбасы әл-ауқаты мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бұл мәселе 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі міндеттерінің қатарына кіретінін айтты.
Отбасылық жанжалдарды шешу орталықтары ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Жоғарғы сотының бірлескен жобасы аясында құрылған.
2021 жылдан бері орталықтарда 9 мыңға жуық кешенді кеңес (құқықтық және психологиялық) беріліп, 786 отбасыға қатысты психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ 2 мыңнан астам медиациялық келісім жасалды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде республика бойынша қаралған істердің үштен бірінен астамы тараптардың татуласуымен аяқталған.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1198873?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау