Новоишим «Жас сақшы» сыныбы оқушылары үшін алғашқы сабақ партаның басында емес, тұтас өңірдің қауіпсіздігіне әсер ететін шешімдер қабылданатын жерде өтті.
Бір апта бұрын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 26 оқушы Солтүстік Қазақстан облысындағы құқық қорғау бағытындағы бесінші «Жас сақшы» сыныбының қатарына қосылды. Олар үшін алғашқы ауқымды іс-шара облыстық полиция департаментінің нысандарына экскурсия болды.
Полиция қызметімен танысу департамент музейінен басталды. Бұл музей Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесіндегі үздіктердің бірі саналады. Одан кейін оқушылар жедел басқару орталығында болды. Мұнда олар тәртіп сақшыларының шақыртуларға қалай әрекет ететінін, бейнебақылау жүйелері арқылы Петропавлдағы қоғамдық қауіпсіздікті қалай қадағалайтынын көрді.
Кинологиялық қызмет орталығында полицейлер оқушыларды қызметтік-іздестіру иттерімен таныстырды. Әр ит белгілі бір бағыт бойынша үйретілген: із кесу, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау және басқа да міндеттер. Көрсетілім барысында оқушылар төрт аяқты көмекшінің психотроптық зат иісінің имитаторы бар «жасырын орынды» қалай сенімді табатынын көрді.
«Динамо» стадионында жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері мектеп оқушыларына аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауға және басқа да арнайы міндеттерді орындауға арналған полиция жабдықтарының көрмесін ұйымдастырды.
Алдағы уақытта осы оқушылардың бірі полиция формасын киюі әбден мүмкін. «Жас сақшы» сыныптарында жалпы білім беру бағдарламасымен қатар заңнама негіздері, өзін-өзі қорғау тәсілдері оқытылып, құқық қорғау қызметімен таныстырылады.
«Полиция сыныптарын» аяқтаған түлектер Қазақстан Республикасы ІІМ жоғары оқу орындарына түсу кезінде артықшылықтарға ие болады. «Жас сақшы» жобасы — бұл мектеп қабырғасынан бастап құқық қорғау органдарына кадр даярлау ғана емес, сонымен бірге қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1198861?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау