Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Мордовия Республикасына жұмыс сапары аясында Саранск қаласында ҚР Құрметті консулы кеңсесі ашылды.
Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Д.Абаев Мордовия басшылығына осы бастаманы қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, бұл оқиғаны уақтылы және мағыналы қадам деп атады. «Кеңсе қызметі іскерлік, гуманитарлық, мәдени және білім беру байланыстарын кеңейтуге ықпал ететініне, сондай-ақ азаматтарымыздың өзара іс-қимылымен байланысты практикалық мәселелерді шешуге көмектесетініне, жаңа ұсыныстар мен пайдалы бастамалар үшін пәрменді алаң болатынына сенімдімін», – деп атап өтті Елші.
Өз кезегінде Мордовия Республикасының басшысы Артем Здунов кеңсенің ашылуын бизнеске көмектің жұмыс құралы деп атады. «Біз қазірдің өзінде күшті екіжақты байланыстар орнаттық. Қазір біз Мордовия республикасының Қазақстанға бизнес-миссиясын дайындап жатырмыз, кәсіпорындар мен министрліктердің басшылығымен тығыз жұмыс жасаудамыз. Бизнес-миссияны міндетті түрде тиімді өткіземіз», – деп бөлісті ол.
Саранск қаласындағы ҚР Құрметті консулы болып жергілікті кәсіпкер Андрей Рогачев тағайындалды. Ол көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, жалпы оң нәтижеге бағытталған белсенді, жемісті және бастамашыл жұмысқа дайындығын білдірді.
ҚР Құрметті консулы кеңсесі Мордовия Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының алаңында: Саранск қаласы, Московская көшесі, 14 мекенжайы бойынша орналасты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-moscow/press/news/details/1198235?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау