AUYL INVEST FEST – 2026: Шымкентте балық шаруашылығын технологиялық жаңғыртудың жаңа бағыттары айқындалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

11 сәуір 2026 жыл, Шымкент қаласы. Бүгін Шымкент қаласындағы «Түркістан сарайы» концерт залында Шымкент қаласы әкімдігі мен «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен I Халықаралық «AUYL INVEST FEST. Балық шаруашылығы – 2026» фестивалі өтті. Ауқымды шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын әртараптандыру және ауыл халқының табысын арттыру үшін тиімді бизнес бағыттарын енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру.                                                               

Президенттің стратегиялық бағдарына сәйкес, индустриялық аквамәдениет ауыл экономикасын өркендетудің басты драйвері ретінде айқындалған. Фестивальге Франция, Дания, Чехия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген әлемдік деңгейдегі сарапшылар, Парламент депутаттары мен 1000-нан астам кәсіпкер қатысып, саланы шикізаттық бағыттан жоғары технологиялық индустрияға айналдыру жолдарын талқылады.       

Жиынның ашылуында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов қаланың экспорттық логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін таныстырса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев салаға қажетті заңнамалық өзгерістерді атап өтті.                                  

«Біз фермерлердің заманауи тұйық сумен жабдықтау қондырғыларына (УЗВ) көшуін қолдау үшін жүйелі құқықтық негіз қалыптастырып жатырмыз. Бұл – ауыл халқының табысын арттырудың төте жолы», – деді С. Егізбаев.               

Форум аясында балық шаруашылығы Қазақстан экономикасының ең перспективалы драйвері екені дәлелденді. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде балық өнімдері нарығы 132 мың тоннаға жетіп, бір жылда 29%-ға өскен. Дегенмен, сарапшылар ішкі нарықтың әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отырғанын айтады: Қазақстанда жан басына шаққандағы балық тұтыну жылына 7 кг құраса, ДДҰ ұсынған медициналық норма – 14,5 кг. Бұл отандық өндірушілер үшін өсімнің үлкен кеңістігі бар екенін көрсетеді.                           

Халықаралық сарапшылар Венсан Берже (Франция) мен Томаш Полицар (Чехия) еуропалық стандарттар бойынша форель мен көксерке өсіру тәжірибесімен бөліссе, даниялық «Aller Aqua» компаниясы жем тиімділігінің инновациялық шешімдерін ұсынды. Осы алаңда отандық және шетелдік мамандар арасында қызу тәжірибе алмасу жүріп, индустриялық аквамәдениетті дамытудың нақты жолдары талқыланды. Әсіресе, балықтың аналық басын басқару, «балық мектептерін» ашу және агротуризмді дамыту жобалары кәсіпкерлердің үлкен қызығушылығын тудырды.                                          

Фестиваль қорытындысы бойынша қабылданған маңызды құжатта саланың 2030 жылға дейінгі даму картасы айқындалды. Негізгі мақсат – балық өсіру көлемін жылына 270 мың тоннаға, ал экспортты 181 мың тоннаға ($430 млн) жеткізу. Бұл міндеттерді орындау үшін мемлекеттік қолдау шаралары да күшейтілмек: 2026 жылы субсидиялар көлемі 5,3 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, импортқа тәуелділікті жою үшін елімізде кемінде 5 балық азығын шығаратын зауыт салу, жабдықтарды 5-6%-бен жеңілдікпен кредиттеу және «Балық шаруашылығы» мамандығына мемлекеттік гранттарды 400-ге дейін ұлғайту ұсынылды.                                                                                                   

Шара соңында «AUYL INVEST FEST – 2026» қатысушылары балық шаруашылығын цифрландыру, «E-fish» жүйесін енгізу және браконьерлікпен күресті күшейту арқылы саланы ашық әрі табысты бизнес ортасына айналдыру туралы ортақ шешімге келді. Фестивальдің қорытынды Резолюциясы тиісті мемлекеттік органдар мен ҚР Үкіметіне жолданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1198987?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version