Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” жалпыұлттық қозғалысы аясында бүгін Ақтөбеде “Таза қала” акциясы ұйымдастырылып, өткізілді.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 7 мыңға жуық тұрғын жаппай сенбіліктерге шығып, белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартты. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнестің өкілдері, жастар және өңірдің ірі кәсіпорындарының қызметкерлері бар. Атап айтсақ, «Aqtobe su-energy group» АҚ, «Энергосистема» ЖШС, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС, «QazaqGaz Aimaq» АҚ, «Айс плюс» ЖШС, «KEGOC», «Ақтөбе ЖЭО» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жұмысшылары әлеуметтік және мәдени нысандар аумағын, облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жиегін санитарлық тазалау жұмыстарына белсенді қатысты.
Еске салайық, “Таза Қазақстан” жалпыұлттық қозғалысы аясында өңірде екі айлық тазалық акциясы жарияланды. Апта сайын бейсенбі және сенбі күндері аумақты санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Акция басталғалы бері 40 мыңға жуық ақтөбелік сенбіліктерге қатысып қала көшелері мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазалады. 1200-ден астам заңсыз қоқыс үйінділері анықталып, жойылды. Барлығы 680 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды.
Мұндай ауқымды шаралар өлкенің көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1198989?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау