Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Сауран ауданының полицейлерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді халыққа түсіндіруге бағытталған профилактикалық шараларды өткізуде.
Белгілі болғандай, 2026 жылдың 2 наурызынан бастап ел аумағында қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін жауып, жеке басын тануға кедергі келтіретін киім-кешек элементтерін киюге тыйым салатын норма күшіне енді. Тиісті талаптар Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде бекітілген.
Бұл ретте хиджаб, шейла, химар, әл-амира сияқты және бет-жүзді жаппайтын өзге де діни киім элементтері аталған талапқа жатпайды. Сондай-ақ бұл тыйым ауа райы жағдайларына, медициналық көрсеткіштерге, заң талаптарын орындауға, қызметтік міндеттерге, азаматтық қорғау саласындағы қызметке, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу жағдайларына қолданылмайды.
Аталған жұмыстар аясында тәртіп сақшылары аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп, заң талаптарын түсіндірді, ақпараттық жадынамалар таратып, азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Әсіресе адамдар көп шоғырланатын орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді.
Полицейлер заң талаптарын бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, облыс тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларға түсіністікпен қарап, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1198921?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау