Зеренді ауданында бүгін, 12 сәуір күні, Бәйтерек ауылдық округі әкімін сайлау бойынша электоралдық науқан өтуде.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Алмат Балтагариннің айтуынша, бүгін округ аумағында бес елді мекенді қамтитын үш учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Осы күнге дейін Сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі күнтізбелік жоспарға сәйкес тиісті дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, сайлаушылар тізімдері әзірленіп, үгіт-насихаттық баспа материалдарын орналастыру орындары, сондай-ақ кандидаттар мен олардың сенімді өкілдерінің халықпен кездесу орындары айқындалды.
Бұл лауазымға үш кандидат тіркеліп, олар алдын ала үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды.
Учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы сағат 7.00-де басталды. Осы уақытқа дейін алғашқы сайлаушылар келіп үлгерді. Красный кордон ауылында алғашқылардың бірі болып әлеуметтік қызметкер Наталья Крымкина дауыс берді. №572 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Евгений Давыденко оны құттықтап, ауылдық округ әкімін сайлау байтеректіктер үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Бұл сайлау ауылдық елді мекендердің одан әрі дамуына ықпал ететін болады.
Ермаковка ауылында орналасқан №573 учаскелік сайлау комиссиясында алғаш болып зейнеткер Болатбек Жүсіпов өз таңдауын жасады. Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Манар Төлебаеваның айтуынша, электоралдық науқан штаттық режимде өтуде.
Округтің орталық ауылы – Байтеректе де сайлау науқаны қарқын алуда. Алғаш болып дауыс бергендердің бірі ауылдық клуб қызметкері Раушан Ахметова болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-zerendy/press/news/details/1199055?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау