Абай облысында жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар жаңа форматта жалғасуда. Осы орайда Электротехникалық колледжде екінші курс студенттеріне арналған мазмұнды кездесу ұйымдастырылып, оған 50-ге жуық жас қатысты.
Іс-шараны Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткізді. Дәріс барысында мамандар есірткі заттарының адам денсаулығына ғана емес, оның өмірлік бағытына, әлеуметтік жағдайына және болашағына тигізетін ауыр зардаптарын нақты әрі түсінікті тілде жеткізді. Ерекше назар заңсыз айналымға қатысқаны үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке аударылды.
Кездесудің маңызды бөлігі – жастардың интернет кеңістігінде кездесетін қауіптер туралы әңгіме болды. Полицейлер қазіргі таңда есірткі таратушылардың мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатынын айтып, студенттерді күмәнді ұсыныстардан сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар, заңсыз әрекеттерге тартудың жасырын тәсілдері түсіндіріліп, одан қорғану жолдары айтылды. Дәріс дәстүрлі форматтан гөрі еркін пікір алмасу алаңына айналды.
Студенттер өз сұрақтарын ашық қойып, ойларымен бөлісті. Мұндай формат жастардың тақырыпты терең түсінуіне және өз көзқарасын қалыптастыруына мүмкіндік берді.
Құқық қорғау органдарының өкілдері нақты тәжірибеден мысалдар келтіре отырып, әрбір әрекеттің салдары болатынын ерекше атап өтті. Бұл өз кезегінде қатысушыларға үлкен ой салып, маңызды қорытындылар жасауға ықпал етті.
Аталған іс-шара – жастарды құқықбұзушылықтан сақтандыруға, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау