Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен әкімдікте 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы қорытындыланып, алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселесіне арналған кеңес өтті.
Кеңес барысында қаланың жылу-энергетика кешені кәсіпорындарының есебі тыңдалды. Жылыту маусымы қалыпты режимде өткені айтылды. Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері тұрақты жұмыс істеп, апаттық қызмет төтенше жағдайларға жедел әрекет етті.
Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жылыту кезеңінде бірқатар бағыт бойынша технологиялық іркіліс азайған. Атап айтқанда, жылу желілеріндегі ақау 276 жағдайға дейін, сумен жабдықтау желілерінде 434-ке дейін, газ желілерінде 153-ке дейін қысқарған.
Жылу желілерінің тозу деңгейі — 53,9%, электр желілерінде — 63,3%, қазандық жабдықтарында — 63,5%-дан асады.
Жүйелердің сенімділігін арттыру мақсатында биыл ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Атап айтқанда, шамамен 20 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту; 84 қазандықты жөндеу және 2 қазандықты жаңарту, жабдықтарды жаңарту; 1 мың шақырымнан астам электр желілерін жаңарту және қосалқы станцияларды модернизациялау көзделген. Сонымен қатар 54 шақырым су құбыры және 9,8 шақырым кәріз желілерін қайта жаңғырту, 34,8 шақырым газ желілерін жаңарту жоспарланған.
Кеңесте келесі жылыту маусымына дайындық, желілердің тозуын төмендету және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Мердігер ұйымдар құрылыстан бастап пайдалануға беру кезеңіне дейін барлық жұмысты сапалы әрі үздіксіз атқаруға тиіс. Негізгі мақсат — инженерлік жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін арттырып, тұрғындарға қызметтердің үздіксіз әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар белгіленген мерзімді қатаң сақтау және жұмыс сапасының төмендеуіне жол бермеу қажет», — деді қала әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарын жеделдету, олардың сапасына бақылауды күшейту және коммуналдық кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1199904?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау