2026 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының 50-бабының 4-тармағының конституциялылығын тексеру туралы жолданымды қарау нәтижелері бойынша №77-НҚ нормативтік қаулыны қабылдады. Аталған норма банктік құпияны құрайтын мәліметтерді ашу тәртібін реттейді.
Өтініш жасауға неке бұзылғаннан кейін туындаған жағдай негіз болды. Өтініш берушіге екінші деңгейлі банктер бұрынғы жұбайының шоттары мен ондағы ақшалай қаражаттары туралы мәліметтерді ұсынудан бас тартқан.
Сот банктердің ұстанымын қолдап, шот иесінің мұндай мәліметтерді ашуға келісімі болмағанын негізге алды.
Жолданым субъектісінің пікірінше, мұндай шектеулер Конституцияда бекітілген теңдік қағидатын, меншік құқығын және отбасын қорғау кепілдіктерін бұзады.
Конституциялық Сот жеке өмірге қол сұқпаушылық және салымдар құпиясын сақтау құқығы Конституциямен кепілдендірілетінін және ол барлық тұлғаларға, соның ішінде ерлі-зайыптыларға да таралатынын атап өтті.
Некеге тұру қаржылық ақпараттың құпиялылығы құқығын жоймайды, ал мұндай мәліметтерді ашуға тек заңда тікелей көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
Сонымен қатар конституциялық бақылау органы заңнамада банктік құпияны қорғау мен ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын іске асыру арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құқықтық тетік көзделгенін көрсетті.
Атап айтқанда, соттар мүлікті бөлу туралы дауларды қоса алғанда, қаралатын сот істері шеңберінде банктерден шоттардың бар-жоғы және олар бойынша ақша қаражатының қозғалысы туралы мәліметтерді талап ете алады.
Қарау нәтижелері бойынша Заңның 50-бабының 4-тармағы Конституцияға сәйкес деп танылды.
Қабылданған нормативтік қаулы адамның жеке өміріне қол сұқпаушылық және банктік құпия құқығы мен ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын сот тәртібімен қорғау мүмкіндігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1199392?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау