Көктем өз күшіне еніп, Самар ауданының шаруа қожалықтары алдағы егіс науқанына жерді белсенді түрде дайындап жатыр. Бұл тек маусымдық жұмыс емес, сонымен қатар шаруашылықтар өз қызметіне заманауи технологияларды енгізіп, жұмысшылардың еңбегін жеңілдетуге басымдық беруде.
Аққала ауылдық округінде орналасқан «Әмірғали» шаруа қожалығында биыл жер жырту жұмыстары автопилот жүйесін қолдану арқылы жүргізілуде. Трактор өздігінен қозғалады, ал механизатор тек процесті бақылап отырады.
– Биыл біз шаруашылық басшысы Рапеков Әділет Әмірғалиұлы екеуміз даму басымдықтарын толық қайта қарастырдық. Ең басты құндылық ретінде адам мен жүйелі жұмысты алға қойдық. Біз автопилот пен навигациялық жүйелерді ұзақ уақыт зерттеп, басқа шаруашылықтардың тәжірибесін қарадық. Бірақ біз үшін тек жабдық сатып алу емес, сенімді серіктес пен сапалы сервисті таңдау маңызды болды, – дейді шаруашылық басқарушысы Талғат Батпанов.
Шаруашылықта бір трактор автопилот жүйесімен сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Бір апталық қолдану нәтижесінде жүйе тұрақты нәтиже көрсетті: техника берілген маршрутпен қозғалады, деректер серверге жіберіледі, ал басшылық жұмысты телефон арқылы онлайн бақылай алады. Қайталанатын жүрістер азайып, артық жырту мен жанармай шығыны қысқарады.
– Сынақ сәтті өтті, сондықтан жыл соңына дейін барлық техниканы кезең-кезеңімен осындай жүйелермен жабдықтау туралы шешім қабылданды, – дейді Талғат Батпанов.
Басшылықтың айтуынша, бұл жаңашылдықтың басты әсері тек экономикалық тиімділікте емес, сонымен қатар еңбек жағдайында. Автопилот механизатордың жүктемесін азайтып, артық шаршауды төмендетеді және жұмысты әлдеқайда жеңіл әрі жайлы етеді.
– Мен бұл шаруашылықта 4 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазір жұмыс процесі автоматтандырылғанына өте қуаныштымын. Тракторды басқару жеңілдеді, ауысым соңында шаршау азайды. Автопилотты қосамыз да, техника өзі жүреді, біз тек бақылап отырамыз, тіпті кофе ішуге де болады, – деп күледі механизатор Владимир Шипилов.
Шаруашылық басшылығы адам ресурсына инвестиция салуды және еңбек етуге, дамуға дайын мамандарды қолдауды жалғастырып отырғанын айтады. Сонымен қатар басқару жүйесі де бірізді жолға қойылуда: процестерді бақылау, тиімділік, тәртіп және ашықтық.
Округ жастары да жаңа технологияларға қызығушылық танытуда. Екінші механизатор-ауысымшы Михаил Анищенко шаруашылықта екі жылдан бері еңбек етеді.
– Мен техникаға бала кезімнен жақынмын. Мұнда жаңа технологияларды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік бар. Автопилотпен жұмыс істеу жеңіл әрі қызықты, – дейді ол.
Алайда ауыл жастарының барлығы Михаил сияқты емес, көпшілігі жеңіл жұмыс іздеп қалаға кетеді. Қазір ауданда көптеген шаруашылықтар жас мамандарға мұқтаж, бірақ аграрлардың айтуынша, ол үшін ең алдымен ауылдағы өмір сапасын арттыру қажет.
Бүгінде «Әмірғали» шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысып қана қоймай, агротехнологиялар бойынша жаңа тәсілдерді де сынақтан өткізуде. Биыл шаруашылық агрокомпаниялармен бірлесіп әртүрлі тұқымдар мен препараттарды тәжірибеден өткізіп, аудан жағдайына ең тиімді шешімдерді таңдауда.
Осылайша, Самар ауданы осындай шаруашылықтардың арқасында адам еңбегін алмастырмай, керісінше күшейтетін дәлме-дәл және жүйелі егін шаруашылығына қадам жасап келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1199304?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау