Бүгін кезекті Үкімет отырысынан кейін өткен жиында аудан әкімінің орынбасары
Ш. Есжановтың төрағалығымен өткен мәжілісте 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджеттің игерілу барысы және алдағы кезеңге арналған басым бағыттар жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасқаны атап өтілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы, тұрғын үйді пайдалануға беру және инвестиция тарту көрсеткіштері артқан. Бұл аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Осыған байланысты жауапты бөлімдерге ірі, орта және шағын кәсіпорындармен нақты жұмыс жүргізіп, өндіріс көлемін ұлғайту, қосымша резервтерді анықтау және статистикалық есептіліктің сапалы әрі уақытылы тапсырылуын қамтамасыз ету тапсырылды. Кәсіпорындардың нақты саны, қызметкерлері мен қызмет ауқымы толық есепке алынуы тиіс екені қатаң ескертілді.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – салық базасын кеңейту болды. Бұл бағытта көлеңкелі экономиканың үлесін азайту, тіркелмеген кәсіпкерлік субъектілерді анықтау және бақылау-кассалық машиналарын қолдану тәртібін күшейту қажеттігі атап өтілді. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамханалардағы нақты табыс пен жұмысшылар санын жасыру фактілеріне баса назар аударылып, тиісті органдарға кәсіпкерлермен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу және есептіліктерін қайта қарау тапсырылды.
Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану барысында салықтық міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындауын бақылау қажеттігі айтылды. Жергілікті бюджет кірістерін арттыру үшін барлық резерв көздерін тиімді пайдалану міндеті жүктелді.
Жиын қорытындысында аудан әкімінің орынбасары барлық сала жетекшілеріне жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етіп, жұмыс қарқынын күшейтуді, әрбір бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуді қатаң тапсырды. Әрбір қабылданған шешім мен берілген тапсырма бақылауда болатыны ескертілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral/press/news/details/1200589?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау