Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені ұлттық экономиканың негізгі тіректерінің бірі ретінде тұрақты қарқынды дамып келеді.
Биылғы жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,4%-ға өсіп, 898,7 млрд теңгені құрады.
Бұл сала әрдайым маусымдық факторларға, ауа райы жағдайларына және логистикаға тәуелді болғанына қарамастан тқрақты өсім көрсетуде. Бүгінде ауыл шаруашылығы тек өңірлердегі жұмысты қамтитын әлеуметтік қызметті ғана емес, сонымен қатар экономиканың толыққанды қозғаушы күшіне айналып отыр. Агроөнеркәсіптік кешендегі өсім қайта өңдеу саласының дамуына, ішкі нарықтың кеңеюіне және азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюына ықпал етеді.
Жалпы өнім көлемінің өсуіне негізінен мал шаруашылығы саласы зор үлес қосты. Бұл салада өндіріс көлемі 3,6%-ға артып, 831,8 млрд теңгеге жетті. Ал өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемі 52,5 млрд теңгені құрады.
Ағымдағы жылдың қаңтар–ақпан айларында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 76,5%-ға өсіп, 68,6 млрд теңгеге жетті. Ал азық-түлік өндірісіне салынған инвестициялар 2,7 есеге артып, 66 млрд теңгені құрады.
Ірі қара мал саны 9,2 млн, жылқы 4,8 млн, түйе 312,6 мыңға, ал ұсақ мал 23,2 млн басқа дейін өсті.
Мал басының өсуі өндірістік көрсеткіштерге де зор ықпал етті. Мәселен, ет өндірісі 254,1 мың тоннаға (+3,6%), сүт — 652,7 мың тоннаға (+3,6%), жұмыртқа — 1 117,6 млн данаға (+9,5%) жетті.
Тамақ өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Азық-түлік өндірісі 12,6%-ға артып, 1 027,4 млрд теңгеге, ал сусындар өндірісі 10%-ға өсіп, 269,6 млрд теңгеге жетті.
Жекелеген өнім түрлері бойынша айтатын болсақ: сары май — 55,4%-ға, өсімдік майы — 17%-ға, ет консервілері — 10,5%-ға, шұжық өнімдері — 6,5%-ға, қышқыл сүт өнімдері — 4,7%-ға ұлғайды.
Осылайша, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені тұрақты өсу қарқынын сақтай отырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өңірлердің дамуына және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1200603?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау