Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Оған әкім орынбасарлары, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, коммуналдық мекемелер мен бөлім басшылары қатысты.
Кеңесте 2024–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының жүзеге асырылуы, 2025 жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің нәтижелері, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының барысы қаралды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, білім сайыстары, әдеби квесттер, квиздер, мәнерлеп оқу байқаулары мен тіл фестивальдері өтті. Сонымен қатар жарнама мәтіндерін заң талаптарына сәйкестендіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Былтыр осы бағытта барлығы 24 іс-шара ұйымдастырылған.
Сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты заң талаптарына сәйкестендіру үшін 2025 жылы әр тоқсан сайын «Көркем тіл – көрікті жарнама» айлығы өткізілді.
Халықтың мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі мен мерзімдері туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ «Электрондық үкімет» порталын насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде 92 түсіндіру шарасы ұйымдастырылып, 40 мыңнан астам адам қамтылды. Мониторинг қорытындысына сәйкес, жалпы саны 37 997 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Сонымен қатар сәуір айынан «Таза Қазақстан» акциясы аясында қалалық полигонға 1000 текше метрден астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар қалада 8 000 ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар көктем және күз мезгілдерінде жүзеге асырылады.
Кеңес қорытындысында қала әкімі бірқатар нақты тапсырма берді. Ол жарнама мен көрнекі ақпараттың заң талаптарына сәйкестігін тұрақты бақылауда ұстауды, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бөлімдерде заңнаманың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді және негізсіз бас тарту фактілерінің алдын алу үшін ішкі бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ рұқсат етілмеген қоқыс орындарының алдын алу мақсатында бейнебақылау мен мониторинг жұмыстарын күшейту, сенбіліктерден кейін жиналған қалдықтарды уақытылы әрі толық шығару мәселесін тұрақты бақылауға алу міндеттелді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-semey/press/news/details/1200602?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау