Банктер мен байланыс операторларының атынан жаппай фишингтік SMS-хабарламалар таратқан топтың әрекетіне тосқауыл қойылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және «Tele2» ұялы байланыс операторының киберқауіпсіздік мамандарының қатысуымен арнайы жабдықты пайдалана отырып фишингтік хабарламаларды жаппай таратумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

Айта кету керек, мұндай тәсілді әшкерелеу ТМД елдері аумағында алғаш рет тіркеліп отыр.

Қаскөйлер «SMS-бластер» деп аталатын құрылғыны қолданған. Бұл құрылғы ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын еліктіріп, шамамен 300 метр радиуста 4G сигналын таратады. Соның салдарынан жақын маңдағы мобильді құрылғылар мәжбүрлі түрде қорғанысы әлсіз 2G желісіне ауыстырылған.

Осыдан кейін абоненттердің телефондарына алдын ала дайындалған SMS-хабарламалар автоматты түрде жіберіліп отырған. Құрылғының мүмкіндігі байланыс операторларының сүзгі жүйелерін толық айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін хабарлама таратуға жол берген.

Қамту аясын кеңейту және жасырын әрекет ету мақсатында бұл жабдық автокөліктерге орнатылып, қозғалыс кезінде, негізінен елорданың орталық базарлары маңында пайдаланылған.

Хабарламалар «Beeline» және «Halyk Bank» атынан жіберіліп, жиналған бонустарды айырбастау ұсынылған. Сілтемеге өткен пайдаланушылар фишингтік сайттарға бағытталып, онда тауар таңдау ұсынылған. Кейін олардан телефон нөмірі, аты-жөні, банк картасының деректері, CVV-код және SMS арқылы растау сияқты жеке мәліметтер сұралған.

Осылайша қаскөйлер азаматтардың құпия деректеріне және олардың банк қаражатына қол жеткізген.

Жедел-тергеу шараларының дер кезінде жүргізілуінің арқасында бұл топ қылмыстық схеманы іске асырудың бастапқы кезеңінде анықталып, ұсталды. Бұл ауқымды алаяқтықтың және азаматтардың ірі қаржылық шығындарының алдын алуға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады: күмәнді сілтемелерге өтпеу, тексерілмеген сайттарға жеке және банк деректерін енгізбеу, сондай-ақ ақпаратты тек ресми көздер арқылы тексеру қажет. Естеріңізде болсын, банк қызметкерлері мен байланыс операторлары SMS немесе бөгде сілтемелер арқылы құпия мәліметтерді сұрамайды.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/afm/press/news/details/1200600?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version