Аудан әкімі Бақыт Асанов бір топ республика чемпиондары мен әлем кубогының жеңімпаздарын арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында аудан басшысы алдымен халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың жетістіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, Ташкент қаласында өткен әлем кубогында «Мырзакент» спорт клубының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Аудан мақтанышына айналған спортшылар — Рауан Мырзахасым, Нұрмұхаммед Лес, Нұрдаулет Жарылқасын, Бекарыс Абдукадир және Бақдулет Серикбай алтын жүлдені иеленіп, ел мерейін үстем етті. Ал Еркебұлан Ергеш күміс жүлдегер атанып, жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен республикалық чемпионатта да мақтааралдық спортшылар табысты өнер көрсетіп, Виолетта Ким чемпион атанса, оның сыңары — егізі Анжела Ким күміс жүлдеге ие болды. Бұл жетістік аудан спортының даму деңгейінің жоғары екенін айқын көрсетеді.
Кездесу барысында аудан әкімі Бақыт Асанов спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына алғыс білдіріп, олардың табандылығы мен қажырлы еңбегі кейінгі буынға үлгі екенін атап өтті.
«Сіздер халықаралық және республикалық додаларда ел намысын қорғап қана қоймай, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрсіздер. Әлемдік ареналарда Әнұранымызды шырқатып, Көк Туымызды желбірету — үлкен мақтаныш. Бұл — тек сіздердің ғана емес, еліміздің жеңісі» — деді, аудан басшысы.
Іс-шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сый-сияпаттар табысталды. Спортшылар өз кезегінде көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетуге уәде берді.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында бұқаралық спортты дамыту, жас таланттарды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның нәтижесінде аудан спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда тұрақты түрде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1200201?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау