Әскери-техникалық мектепте қазақ батырларына арналған әдеби байқау өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Әскери-техникалық мектеп филиалдары арасында «Қазақ деген халқынан, Батыр шыққан даңқынан» атты жыр сайысы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ батырларының ерлік жолын кеңінен насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.

Онлайн форматта ұйымдастырылған байқауда курсанттар өзара бақ сынап, тақырып таңдау шеберлігі, жырды мәнерлеп оқу деңгейі және сахна мәдениеті бойынша бағаланды. Қатысушылар ел тарихындағы даңқты батырлардың ерлігі туралы жыр-дастандардан үзінді оқып, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Сайыстың қазылар алқасына Әскери-техникалық мектептің бас директоры генерал-майор Әділбек Алдабергенов төрағалық етті. Қазылар құрамында бас директордың әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары генерал-майор Марат Нағұманов, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әбубәкір Смайылов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұхарбек Жәкейұлы және «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Молдағалиев болды.

Жыр оқу сайысын ашқан генерал-майор Әділбек Алдабергенов әскери-патриоттық тәрбиенің маңыздылығына ерекше тоқталды.

 – Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – ел тарихына, мәдениетіне, дәстүріне құрмет және Отан қорғауға деген жауапкершілікті ояту. Сол себепті бүгінгі жыр сайысы – тек өнер додасы ғана емес, бұл – ұлттық рухты жаңғыртудың маңызды алаңы.

Қазақ батырларының ерлігі – жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі. Осындай тағылымды шаралар арқылы біз курсанттардың бойында отансүйгіштік қасиетті нығайтып, олардың ел алдындағы жауапкершілігін арттырамыз. Болашақта Отан қорғайтын азаматтар дәл осындай рухани құндылықтармен қалыптасуы тиіс, – деді ол.

Тартысты өткен жыр сайысының қорытындысы бойынша бірінші орынды Әскери-техникалық мектептің Қызылорда филиалының курсанты Абылайхан Бәйділдаев иеленді. Екінші орын Тараз филиалының курсанты Жәнібек Ермұхамбетке бұйырса, үшінші орынды Қарағанды филиалының курсанты Жанболат Қадырбай алды.

Жеңімпаздар Әскери-техникалық мектеп бас директорының грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің алғыс хаттары табысталы.

Аталған іс-шара курсанттардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың тарихи сана-сезімін нығайтып, Отанға деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыруға зор ықпал етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1201703?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version