2026 жылғы 14 сәуір күні сағат 23:25-те Маңғыстау облысы Қарақия ауданы аумағында, Жаңаөзен қаласынан 137 шақырым қашықтықта орналасқан Бекет-Ата жерасты мешіті маңында жоғалып кеткен 4 адамды іздестіру жұмыстары басталды.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарын күшейту мақсатында Атырау қаласынан «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылып, әуеден барлау жүргізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жоғалған 4 адам Бекет-Ата жерасты мешітінен 30 шақырым қашықтықта табылды.
Сонымен қатар, қатар жүргізілген жұмыстар барысында «Toyota Hilux» автокөлігімен жолға шыққан тағы 3 адамның Бекет-Ата жерасты мешітінен 20 шақырым жерде батпаққа батып қалғаны анықталып, олар құтқарушылар тарапынан эвакуацияланды. Барлық эвакуацияланған азаматтар «Қазавиақұтқару» әуе кемесімен Бекет-Ата маңындағы қону алаңына жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Бұдан бөлек, іздестіру-құтқару жұмыстары барысында Бекет-Атаға зиярат етуге келген 1970 жылы туған ер адамның денсаулығы нашарлап, құлап қалғаны анықталды. Құтқарушылар оны МИ-8 тікұшағымен жедел жәрдем қызметіне жеткізді.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары толық аяқталды. Жағдай бақылауда.
Маңғыстау облысы ТЖД
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-mangystau/press/news/details/1202972?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау