Мотокөлік – ерекше бақылауда: Қарағанды облысында қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Қарағанды облысының полициясы мотокөлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзу деректеріне қатысты қағидатты ұстаным танытуда. Көктем мезгілінің басталуымен өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында кешенді профилактикалық және бақылау іс-шаралары күшейтілді. Жүргізілген тексерулер қабылданып жатқан шараларды одан әрі күшейтудің өзектілігін көрсетіп отыр. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимовтың айтуынша, соңғы бір апта ішінде мотокөлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 126 дерегі анықталып, жолы кесілген. Атап айтқанда:
– 18 дерек – мас күйінде көлік басқару;
– 40 жағдай – жүргізу құқығынсыз басқару;
– 41 дерек – тіркелмеген мотокөлікті пайдалану;
– 2 жағдай – жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін қолдану;
– 14 жүргізуші – қорғаныш дулығасынсыз көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 84 көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Полиция департаментінің ұстанымы өзгеріссіз: азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген құқық бұзушылық заң аясында қатаң түрде тоқтатылады. Әсіресе, мас күйінде көлік басқару, жүргізуші куәлігінсіз басқару, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жол қозғалысына қатысу деректеріне ерекше назар аударылуда. Жылы маусымның басталуымен жолдардағы мотокөлік саны дәстүрлі түрде артады. Осыған байланысты жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жоғары жауапкершілік пен сақтық талап етіледі. Қарағанды облысының полициясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз қауіпсіздігі мен өзгенің өміріне бейжай қарамауға шақырады. Ата-аналарға кәмелетке толмағандардың мотокөлік басқаруына жол бермей, олардың қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстау қатаң түрде ұсынылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1204795?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау