Сарыағаш ауданында ішкі көші-қон үдерісін дамытуға бағытталған маңызды кездесу өтті. Аудандық мәдениет үйінде «Жаңа қоныс – 2026» жәрмеңкесі аясында Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келген делегация өкілдері жергілікті тұрғындарға ерікті қоныс аудару, еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер және әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде ақпарат берді .
Жәрмеңке барысында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 6 облыстан жалпы саны 11 856 бос жұмыс орны ұсынылды. Атап айтқанда, Абай облысында – 1 580, Қарағанды облысында – 3 794, Павлодар облысында – 4 112, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 138, Ұлытау облысында – 403, Шығыс Қазақстан облысында – 829 бос жұмыс орындары ұсынылды. Іс-шараға 400-ден астам тұрғын қатысып, олардың 50-ден астамы солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді. Бұл өңіраралық ынтымақтастық пен халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді.
Жәрмеңке барысында мамандар ішкі көші-қонды тиімді реттеу, яғни халық тығыз орналасқан өңірлерден еңбек ресурстары тапшы аймақтарға қоныстандырудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінде Түркістан облысы еңбек әлеуеті жоғары өңірлердің бірі ретінде елдің солтүстік және шығыс аймақтарындағы жұмыс күші тапшылығын толықтыруға елеулі үлес қосып келеді.
Ерікті түрде көшуге ниет білдірген азаматтарға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде бір реттік субсидия, 12 ай бойы коммуналдық қызметтерге 15–30 АЕК көлемінде ай сайынғы көмек, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу кезінде үй құнының 50%-на дейінгі экономикалық мобильділік сертификаты (1 160 АЕК-ке дейін) беріледі.
«Жаңа қоныс – 2026» жәрмеңкесі – ел ішінде еңбек ресурстарының тең бөлінуін қамтамасыз етіп, азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды бастамалардың бірі. Мұндай шаралар өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және елдің экономикалық әлеуетін арттыруға оң ықпал етеді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1204794?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау